Журналистер, блогерлер және әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының назарына! Облыстық ішкі саясат басқармасы «Оңтүстік өнімі» байқауында бақ сынауға шақырады. Байқаудың мақсаты – өңіріміздің оң имиджін қалыптастырып, әлеуметтік жазбалар топтамалары арқылы өңірімізден шығатын өнімдерді шынайы сипаттап, насихаттау болмақ.

Жұмыстар облысымыздағы өндіріс орындары туралы жазбаша немесе видео нұсқасында жарияланады. Қатысушылар өз жазбаларын әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жолдайды. Әрбір қатысушы 27 ақпаннан 15 маусымға дейін кемінде 25 пост жасауы керек. Жалпы жүлде қоры 850 мың теңге. Яғни, бас жүлде  – 300 мың бірінші орынға – 200 мың, екінші орынға – 150 мың үшінші орынға 100 мың теңге тағайындалған.

Айта кетейік, байқау жұмыстары мемлекеттік және орыс тілінде қабылданады. Жеңімпаздар ағымдағы жылдың маусым айының үшінші он күндігінде анықталады. Толық ереже облыс әкімдігінің ресми парқашасында көрсетілген.

Бақыт Ахымбетов, Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары: «Посттар міндетті түрде «Оңтүстіктен не хабар» фейсбук тобында #Оңтүстікөнімі хэштегімен жариялануы қажет. Ал, талаптарға келер болсақ, мәтіндік материалды «Оңтүстік өнімі…» сөздерінен бастау керек және байқау атауын логотипін қолдану қажет. Өңіріміздегі өндіріс орындары туралы постта өнім өндірілетін жердің басшылығымен 2 фото сельфиге түсу керек. Өндіріс басшылығымен қысқаша сұхбат жазбаша немесе видео нұсқасында жариялану және өндіріс туралы кемінде 4 фотодон тұратын фоторепортаж сондай-ақ, сол өндіріс туралы толыққанды ақпарат берілуі тиіс. Жалпы пост 500 символдан кем болмағаны дұрыс. Өткен жылы 1000 сөз деген талап болған. Алайда, қатысушылардың ұсынысымен символдың санын қысқарттық.

Тағы айта кетеріміз, байқауға ұсынылған жұмыстар әлеуметтік желілерде немесе блог-тұғырнамаларда көп дауыс жинағаны, ең көп ұнатылғаны (лайк), ең көп бөлісілгені (репост) арқылы бағаланады. Оқырманның көңілін қаншалықты аудара білгендігіне де мән беріледі. Ескере кетер бір жағдай байқауға қатысатын жұмыстың авторлық құқықтарын сақтау жауапкершілігін байқауға жұмысын жіберген қатысушы толық өз мойнына алады.