ОҚО-да 3 млн-шы тұрғынға пәтер беріледі

669

Оңтүстік Қазақстан облысында 3 млн-шы тұрғын дүниеге келсе, пәтер беріледі. Бұл туралы аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев кезекті есептік жиында мәлімдеді, — деп хабарлайды inform.kz.

Айта кетейік, есептік жиында Гүлжан Жолбарыс есімді көпбалалы ана әкімге облыста 3 млн-шы нәресте туылса, қандай сый-сыяпат жасайтынын сұраған болатын. Жиында сонымен қатар Қазығұрт ауданындағы ескірген мектептердің мәселесі мен Сарыағаш ауданындағы каналдарды тазарту мәселелері де көтерілді. Халық алдында есеп берген Жансейіт Қансейітұлы сондай-ақ өңірдегі 9 ауданда педагогтарға арналған 20 көпқабатты қызметтік үй салынатынын атап өтті. Ондағы пəтерлер ауыл мектептеріне жіберілетін мұғалімдерге беріледі.

Облыс әкімі бақша өнімдерін шетелге экспорттаудан үлкен пайда тауып жатқан аудандардың қатарында Мақтарал, Шардара аудандары көш бастайтынын айта келе, жалпы өңірдің әл-ауқатын көтерудің бірден бір жолы — ауыл шаруашылығын дамыту екенін еске салды. Аграрлы аймақтың агроөнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарына тоқталған әкім мемлекеттік қолдаудың арқасында 522 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2 пайызға артқанын және бұл көрсеткіш бойынша облыс республикадағы үлесі бойынша 2-ші орынға көтерілгенін айтты.

Сурет 1zoom.me.ru сайтынан алынды