ОҚО-да полицейлер кісі өліміне қатысты үш күдіктіні ұстады

427

Ағымдағы жылдың 26 қаңтарында Түркістан ҚІІБ-на жергілікті тұрғын арызданған, онда өз автокөлігімен жұмыстан қайтып келе жатқан әкесі үйіне қайтпай, жоғалып кеткенін көрсеткен. Полицейлер жоғалған ер азаматты табу мақсатында барлық қажетті іс-шараны жүргізді.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушінің автокөлігін Түркістан қаласының маңында орын алған жол көлік оқиғасы болған жерден тапты. Түркістан ҚІІБ-ның қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жәбірленушінің денесін қайда тастағанын көрсеткен, күдікті үш жас жеткіншектерді ұстады.

Олар ОҚО-ның тұрғындары болып шықты. Аталған жайт бойынша «адам өлтіру» және «қарақшылық» екі бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда полицейлер болған жайтты анықтауда.

Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, марқұм 1974 жылы туған, аудандық білім бөлімінде бухгалтерлік қызметте болған. Марқұмның артында алты баласы қалды.