ОҚО-ның Отырар ауданына газ тартыла бастады

764

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Көгілдір отынға алдымен Темір мен аудан орталығы Шәуілдір ауылының тұрғындары қол жеткізетін болады, деп хабарлайды inform.kz.

Бүгін аталған  ауыл округтерінде мердігер компания құбыр тартуға жерді қазу жұмыстарын бастап кетті.  Айтулы күнді газ таратушы компания ұжымы салтанатты түрде атап өтті. Осынау шараға қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов мердігер компанияның жұмысына сәттілік тіледі. «Биыл Отырар ауданының тұрғындары көптен бері арман еткен газ тарту жұмыстары бастау алып отыр.

Осыдан 3-4 жыл бұрын осы сәттің келеріне ел сенбейтін еді. Міне бүгін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында осы бір тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Алдағы уақытта Темір, Шәуілдір ауылдарынан басқа жиырма екі елдімекенді газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр», — деді аудан басшысы. Сондай-ақ жиында ауыл қариялары сөз алып, осындай ауқымды жұмыстарды жүргізуге ықпал жасаған аудан әкімдігіне алғысын айтты.