ОҚО тұрғындарының депозиті 300 млрд. теңгеге жеткен

430

2017 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жылдық инфляция 7,1 пайыз болған. Бұл 2017 жылға арналған 6-8 пайыз нысаналы дәлізге сәйкес келеді. Ал, өңіріміздегі жылдық инфляция 7,2 пайызды құраған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық банкі Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының директоры Ануар Ботанбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Ұлттық валютаның орта мерзімді перспективадағы бағамын айқындайтын іргелі факторлар оңтайлы қалыптасуда. Жалпы, 2017 жылдың ішінде теңге АҚШ долларына қатысты номиналдық көрсеткіште 0,3 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары 332,33 теңгені құраған.

«Оңтүстік Қазақстан бойынша 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда АҚШ долларын сатып алу көлемі 4,22 пайызға, еуро 13,9 пайызға өсті, ал ресей рублі 4,24 пайызға азайды. Тап осы аралықта АҚШ доллары 1,2, еуро 1,5, рубль сатылымы 1,26 пайызға ұлғайды», — деді Ануар Амангелдіұлы.

Жалпы 2017 жылы Қазақстан экономикасына банк кредиттерінің көлемі 12,7 трлн. теңгеге жеткен. Ал, облыс экономикасына банктік несиелер көлемі 2016 жылға қарағанда 10,3 пайызға өсіп, 400,9 млрд. теңгеге жеткен.
Сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы қаржылай өсім депозиттер бағытында да байқалады. Мәселен жыл соңында депозиттердің көлемі 4,4 пайызға өсіп, 300,0 млрд. теңгені құраған. Олардың ішінде теңгедегі депозиттер 23,9 пайызға артып, 204,8 млрд. теңгеге дейін жеткен. Ал, шетел валютасындағы депозиттер көрсеткіші 22,2 пайызға төмендеп, 95,2 млрд. теңгені құраған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі