Салт-дәстүр Исламмен пара-пар

626

«Қоғамға қауіп діннен келеді» деп кім ойлаған?! Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік идеологияның құрсауынан шығып, діні мен діліне, тілі мен салт-дәстүріне, мәдениеті мен әдебиетіне жаңаша қарай бастады.

Осының ішінде дін саласына қатысты көп жаңалық енді. Қазақстан қоғамы сан алуан діни ағымның қазанына айналып шыға келді. Неліктен бұлай болды? Осы сұрақтардың жауабын облыстық дін істері басқармасы және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мамандарымен әңгімелесе отырып, анықтадық.

«Қазақстандықтардың шетелде діни білім алуы алғаш 90 жылдары басталды. Ол кезде қазақтарда «Шетелге барып, оқып, бұзақы болып, немесе экстремист, террорист болып келеді» деген негатив түсінік жоқ еді. Қазақтың кеңпейілдігі сол — діннің бәрін жақсы деп білді. 1992 жылдан бастап жастар Сауд Арабиясына, Сирияға, Түркияға, Мысыр елдеріне діни білім алуға аттанды. Барып оқып келгендердің пайдасы не зияны 5-10 жылдан соң көрінді» деп бастады әңгімесін облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Дәлелхан Оспанов.

Оның айтуынша, Сауд Арабиясында оқып келгендер сол елдің ұстанымын, салт-дәстүрін өзімен бірге әкеледі. Ол елдің салты мен мәдениеті, діни ұстанымы басқа. Ал олар соны үйретті. Мұны алғашынды ешкім байқамайды.
Сондай-ақ, Мысырдан, Сириядан, Түркиядан оқып келгендердің бір бірімен пікірлері тоғыспайды екен.

Үкімет мұны байқап, қауіп-қатердің барын көріп, шетелде оқуға байланысты бір жүйе қалыптастырды. Арнайы елдер тізімі жасалып, сол жаққа келісіммен жіберетін болды.
Осы орайда Дәлелхан Оспанов қызмет ететін орталық аудан-ауылдарға шығып, ондағы жұртшылықпен кездесулер өткізеді. Сонда сәлафилік идеологияның зияндығы туралы айтады да екен.

— Сәлафилік идеология жетегінде жүргендер салт-дәстүрге қарсылық танытады. Мысалы, беташарды «ширк» деп атайд. Мешітке барғанда намазды басқаша оқиды. Мұның бәрі де көпшіліктің ашу-ызасын тудырады. Ал бұл зиян саналады. Ислам әлемінің көпшілігі, соның ішінде Қазақстан да амал бойынша ханафи мазхабын, сенім бойынша Матруди мектебін ұстанады. Сәлафилік бағытты ұстанатындар имам Матрудиді мойындамайды. Олар Матрудиді «адасқан» деп айту арқылы діни алауыздық туындатады,-дейді Дәлелхан Оспанов.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің құрылғанына бес жылдан асты. Осы аралықта түрлі жат діни ағымның құрсауына түскендермен жұмыс істеудің тәжірибесі қалыптасқан. Сәлафилік ағымдағылардың ұстанымдарына да талдау жасалған. Сәлафилік идеологияда ата-ананы құрметтеу негізгі қағиларына жатпайды. Олар ата-анасын өздерінің шарттарына бағынса ғана құрметтейді. Бағынбаса, құрметтемейді.

Дәлелхан ОСПАНОВ, облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы:
— Сәлафилер шешесіне барып: «шеше, жеті шелпек пісірмеңіз, пісіретін болсаңыз, сізді тыңдамаймын» деп айтады. Әкесіне барып, «әке, жаназаға бармаңыз, биғдат болады, әруақтарға құран бағыштамаңыз, мұның керегі жоқ, ата, таспих тартпаңыз, бата жасамаңыз, бұл биғдат» деп айтады. «Егер әке-шешем менің айтқаныма көнбесе, тыңдамаймын» деп айтады. Өз ұстанымдарына дәлел ретінде Құрандағы «әке-шешелеріне жамандыққа үйретіп жатса, тыңдама» деген аятты көрсетеді.Біз сондай кезде оларға «сен тәпсіріне қарасай, егер әке-шешесі қылмысқа, ұрлыққа, адам өлтіруге, бұзақылыққа итермелеп жатса, тыңдама» деп жазғанын көрсетеміз.
Осы тұста әңгімеге облыстық дін істері басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Батырбек Жалмұрзаев араласты.

«Тәуелсіздік алған жылдары дінге ерік берілді. Таза қоғамымызға түрлі деструктивті ағымдар еніп кетті. Енді сонымен күрес жүріп жатыр» деген бөлім басшысы бірінші кезекте халықтың діни сауаттылығын арттыру қолға алынғанын айтады.
Бұдан бөлек мешіт имамдарының сауаттын арттыру да өзекті болып отыр. Осы үшін мешіттерге талдау жасалған. Сосын мешіттерді «Жоғары білімді маман қажет мешіттер» және «Орта арнаулы білімді маманды қанағат тұтатын мешіттер» деп екіге бөліпті. Қазір облыста 817 мешіт бар екен. Енді осы мешіттерге маман даярлау жүріп жатыр.

Батырбек ЖАЛМҰРЗАЕВ, облыстық дін істері басқармасының діни бірлестік-термен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы:
— Сарығашта және Шымкентте медресе-колледждер бар. Олар бұрын медресе еді. Бірақ ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы лицензия алынып, медресе-колледж статусы берілді. Сөйтіп, біз мемлекеттің тарапынан қолдау көрсету мүмкіндігін алдық. Сосын екі медресе-колледжге мемлекеттік қаржы есебінен, облыстық бюджеттен арнайы қаржыға грант бөліне бастады. Орта арнаулы білімді қанағат тұтатын мешіттерге қай мерзімге маман керегін анықтап, талдау жасап 2035 жылға дейін тапсырыс көлемін анықтадық. Соған сәйкес сол мешіттер орналасқан ауылдардан дінге бейім жастарды тауып, оқытып жатырмыз. 2016 жылы 175 орын бөлінсе, 2017 жылы тағы 175 грант бөлінді. 350 бала исламтану мамандығы бойынша грант негізінде медресе-колледжде оқып жатыр.
Биыл тағы 250 орынға сұраныс жасалған. Ол да берілсе, алдағы уақытта елдімекендердегі дін саласы қызметкерлерінің білімді әлі білікті мамандармен толықтырылады. Өйткені, елдімекендерде, ауылдарда халыққа дұрыс діни түсініктемені мешіттер береді.

Республикада 9 медресе-колледж болса, соның екеуі — Оңтүстікте. Ал жоғары білімді мамандар даярлайтын Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университеті бар. Онда да облыстың азаматтары білім алуда. Оқуын бітірген соң, тұрғылықты мекенжайы бойынша қызметке тартылады.

— 2011 жылдары түсіндіру жұмыстары басталды. Қазір сол кезбен салыстырғанда халықтың діни сауаты артып, ненің теріс, бұрыс екенін айыратын күйге жетті. Бірақ, сол кездегі тиген зардап әлі де толық жойылмады. Қоғамға ең зияны – сәлафилік діни ағымы болып отыр. Сондықтан да бірінші кезекте жастарды қорғау басты назарда. Жастардың шетелдік діни оқу орындарында теріс діни ағымдар бойынша білім алуына жол бермеу. Екіншісі, отандық оқу орындарында білім алу. ҚМДБ ұстанған бағытқа сәйкес келетін оқу ордаларында білім алуына жағдай жасау. Діни білім алуға бейім жастарды анықтап, соларға дұрыс бағыт көрсету. Соған мүмкіндік беру,-дейді Батырбек Жалмұрзаев.

Жәнібек Нұрыш