Шымкентте 30 жас шамасындағы азаматты тірідей өртеп, өлтірген Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Полицейлердің мәліметінше, қандықол қылмыскер — құрбанын көлігінде өртеп жіберген.
Сұмдық жағдай 2018 жылдың алтыншы ақпанында Түлкібас ауданында орын алған. Құқық қорғау өкілдері мәйітті оқиға орнынан — Оңтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Арыс өзені жағасынан, өртенген автокөліктің ішінен тапқан. Мәйіттің 30-35 жас шамасындағы Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталып отыр. Ал бұл қылмысқа күдікті ретінде Алматы қаласының жас тұрғыны құрықталған. Қазіргі уақытта аса ауыр қылмысты жасаған екінші күдікті іздестіріліп жатыр.
«Ағымдағы жылдың 6 ақпанында Түлкібас АІІБ-нің кезекші бөліміне өзен жағасында өртенген автокөліктен белгісіз азаматтың мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келіп жеткен полиция қызметкерлері мәйіттің 30-35 жас шамасындағы Шымкент қаласының тұрғыны екенін анықтады. Аталған жайт СДТБТ-не «Кісі өлтіру» бабы бойынша тіркелді. Қазіргі таңда полицейлермен оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»- деп хабарлады ОҚО ІІД баспасөз қызметі.