Шымкент қаласында «SANLIN» футбол академиясы ашылды. Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, Қаратау ауданы әкімі Ғабит Мәуленқұлов қатысып, жиналған ата-аналар мен жастарды құттықтады.
Бұл орталық Елбасының «Саламатты Қазақстан» жобасы аясында халқымыздың бұқаралық спортпен шұғылдануын басты негізге алып ашылып отыр. Аталған жобаның Шымкентте жүзеге асырылуына тікелей ықпал танытқан — бұған дейін «Procoffee», «Profootball», «Professionale», «Protech» секілді үздік жобалардың құрылтайшысы А.Нұрлыбаев.
Жауапты мамандар бүгінгі таңда футбол академиясында 3-16 жас аралығындағы 80-нен астам жасөспірімнің әр аптаның сенбі-жексенбі күндерінде футболға жаттыға алатындарын жеткізді. Жас спортшылардыхалықаралық деңгейде тәжірибе алмасып, машықтанған мамандар жаттықтырады.
Салтанатты іс-шара барысында футбол академиясының қатысушылары түрлі әдістермен сайысып, өзара футбол ойнады. Үздік ойыншылар мен құрамалар арнайы сыйлармен марапатталды. Спорттық шараға жергілікті БАҚ өкілдері де ақпараттық қолдау танытты.