Шымкенттік дәрігерлер шала туған үшемнің өмірін аман алып қалды

783

№2 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері небәрі бір жарым келі салмақпен туылған нәрестелерді 40 күн бойы күтіп, жетілдіріп барып бүгін перзентханадан шығарып салды. Ұрпағы көбейіп, өрісі кеңейген отбасының жас ана мен шала туған шақалақтардың өмірін арашалап қалған ақ халаттыларға айтар алғысы шексіз.

Биылғы жылдың алғашқы үшемі 16 – қаңтар күні дүниеге келген. Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылынан №2 облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген 21 жастағы Гузал Нурмиминоваға шұғыл түрде ота жасалған. Айы — күні толмай туылған сәбилердің салмағы небәрі 1,5 келідей ғана болған (1495 грамм, бойы — 38 см, 1590 грамм, бойы — 40 см, 1640 грамм – бойы 41 см).

Дәрігерлер аманалып қалған екі қыз бала мен бір ұл мерзімінен бұрын, яғни, жеті айлық болып дүниеге келген. Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, алдағы бір айды арнайы күтім жасайтын бөлімшеде өткізді. №2 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде бір келіден салмақ қосқан.

Ақ халаттылардың біліктілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің арқасында шала туған шақалақтар аман қалып, аналары бауыры балаларын бауырына басты. Алқаш рет ана атанған 21 жастағы Гузал Нурмиминованың жақындары сәбилерді Зухра, Захро және Хасан деп атаған. Қазір олардың өміріне еш қауіп жоқ. Жалпы соңғы 10 жылдың ішінде облысымызда жыл сайын 7-13 үшем дүние есігін ашады. Бір жылда дүниеге келетін егіздердің саны – 800-ге жуық.