Суға кеткен баланы іздестіру жалғасуда

592

Шәуілдір ауылында 7 жасар бала суға кетті. Оның денесі бір аптаден бері іздестіріліп жатыр. Өйткені, ата-анасы мен құтқарушылар үмітін әлі үзбеген. Қайтсек те табамыз деп бекініп отыр. Сүңгуірлермен бірге іздестіру шараларына жергілікті тұрғындар мен полицейлер жұмылдырылған. Құтқару жұмыстарына арнамыздың түсіру тобы да қатысып қайтты.

Суға кеткен 7 жастағы Мирастың денесін іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жағалаудың әрбір бөлігі жіті тексерілуде. Сүңгуірлердің жұмысын Арыс өзеніндегі мұз қиындатуда. Мамандардың айтуынша, мұнда мұздың қалыңдығы 25 см. Құтқарушылар мұзды ойып, суға сүңгіп, баланың денесін іздестіруде.

Орынбасар Төртбаев, ОҚО ТЖД су құтқару отрядының командирі : «Арыс өзенінде баланы іздестіру қиын болып жатыр. Мұз қалың 15-20 см. Өзеннің ағысы да шапшаң. Бүгін біз құтқарушылар командасын алмастырдық. Шымкенттен жеті маман келді. Олар іздестіруді жалғастырады».

Қайғылы оқиға 31 қаңтар күні тіркелген. Шәуілдірдің орталығында жаңа салынып жатқан саябаққа ойнауға келген екі баланың бірі өзенге құлап кетуі мүмкін деген болжам бар.

Заир Сабыр, Шәуілдір ауылының тұрғыны: «Полицейлер балалардың саябақ аумағына қоршаудың астынан өткенін анықтаған. Сосын өзеннің жағалауымен жүрген. Мирас суға батқан бойда, досы жақын арадағы мешітке барып, имамға болған оқиғаны айтып берген. Сол заматта дабыл соғылған. Бізге 17 сағат 15 минутта мәлімет түсті. Дабыл бойынша Шымккенттен 11 маман шықты. Құтқару командасы әлі күнге дейін баланың денесін іздестіруде».

«Құтқару жұмыстары» ережесіне сәйкес төтеншеліктер баланың денесін тағы төрт күн іздейді. Кейін суға батқан баланың ата-аналарының арызы бойынша іздестіру жұмыстарын жалғастыра алады. Бұл жылдың басынан тіркелген алғашқы оқиға дейді құтқарушылар. Қайғылы оқиғаларға қауіпсіздік шараларын сақтамау және ата аналардың бейқамдығы себеп дейді мамандар.

Шынар Оразова