Тұрғындар төбелесіп қала жаздады

498

Шымкентте баспана салып, оның құжатарын рәсімдеу үлкен проблемаға айналған. Тіпті бұрын соғылған үйлерінің құжаттарын ала алмай жүргендер көп. Шаһар тұрғындарымен кездесуге келген сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары бөлімі басшылары оның себебін түсіндірді. Алдымен салғырттық, екінші сенгіштік жолдарын байлап жүргенін айтты.

Жиын барысында тұрғындар төбелесуге шақ қалды. Кеуделері төсбелгілерге толы қариялардың бұл тартысын түсінуге болады. Тыңдап отырсаңыз, жерлестеріміздің жанайқайының жаны бар. Осыдан 10-15 жыл бұрын тұрғызылған баспаналарының құжаттарын әлі күнге дейін рәсімдей алмай жүргендер жеткілікті.

Тұрғындар төбелесіп қала жаздады

Қала мен ауыл ортасын жол қылғандардың айтуынша, 120 мың теңге берсең, дайын құжатыңды үйіңе әкеліп беретін пысықайлар бар екен. Бірақ оған ақша жоқ, тапқан табыстары күнделікті азық түліктен артылмайтын отбасылар қиналып отыр дейді жиынға келгендер.

Сала мамандарының айтуынша, өткен жылы Шымкент қаласында 6500 құжат рәсімделіп, қабылдау актісі берілген. Тіпті ол Әділет басқармасына да тіркеліпті, бірақ соның 3 мыңы ғана сәулет бөлімі арқылы өткен, ол дегеніңіз 3500 құжат заңсыз.

Нұрлан Архабаев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы: «Бұл іспен қазір нацбюро айналысып жатыр».

Міне, осының бәрін сәулет және қала құрылысы бөлімі біле тұра не себепті осы уақытқа дейін пысықайларға алданып жүрген жерлестеріне ескертпегені белгісіз. Шенеуніктердің бұл әрекеті әрине көпшілікті ашуландырмай қоймады.

Бүгінгі жиынға келгендердің бәрі өз сауалдарына жауап алды. Бірақ жауапқа қанағаттанғандары аз, себебі бірқатар заңдарға өзгеріс енгізбесе халықтың әуре сарсаңға түскені түскен. «Ең болмағанда салынып қойған баспаналарды заңдастыруға мүмкіндек берген жөн», — деп тарқасты көпшілік.

Нұрлан Күдерұлы