Шымкентте әлеуметтік тауарларға сұраныс артып келеді. Халыққа арзан бағада өнімін саудалайтын тұрақтандыру қоры облыс әкімдігі жанынан құрылған. Биыл азық-түлік себетіне сиыр еті де енгізілген. Бүгінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде, ірі сауда орындары мен базарлардың жанында сатылуда.
«Айна» базар жанында сатылып жатқан азық-түлік тауарлары тұрақтандыру қоймасынан жеткізілген өнімдер. «Шымкент» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясымен келісімге тұрған кәсіпкерлер картоп, пияз, сәбіз, ұн өнімдерін, шекерді бекітілген бағамен сатуда. Картоп — 85 теңге, пияз — 50, шекер 170 теңгеден босатылады.
Сатушылар «ақпан айынан бастап сатып жатырмыз, сауда жақсы» дейді. Шымкенттіктер әлеуметтік бағадағы тұрақтандыру қорының өнімдерін қаладағы ірі сауда орындарында ала алады. Ағымдағы жылдан бастап, мұнда етті де қол жетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік бар.
Шарықтаған бағаларды ауыздықтау мақсатында қолға алынған игі шараның шарапатын сенбі және жексенбі күндері ұйымдастырылатын ауыл шауашылығы жәрмеңкесіне келетіндер көруде.Тұрғындарды сапалы өнімдермен қамту міндеті жүктелген «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы болашақта оларды сататын орындарды да заманауи талаптарға сәйкестендіреміз дейді.
Жандос Тинбаев, Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бөлім басшысы: Алдағы уақытта Қажымұқан стадионы маңына құрастырылған жабық сауда алаңшасын саламыз. Бұл сатушыларға да, сатып алушыларға да ыңғайлы болары сөзсіз».
Шынар Оразова