Бүгін «Отырар» телеарнасының баспасөз клубында банкир Е. Тәтішевтің адвокаты Евгений Яворский мәлімдеме жасады. Тәтішевтердің отбасылық адвокаты марқұм банкирдің өліміне қатысты тергеу жұмыстарына америкалық криминалистер тартылғанын хабарлады.13 жыл бұрын болған оқиғаның көмескіленген тұстарына жарық сәуле түсіп, іс қайта жаңғырмақ.
Бүгінде Тараз қаласында «ТұранӘлем» банкінің тең қожайыны Ержан Тәтішевті қастандықпен өлтіру ісі қайта қаралып жатыр. 27-ақпан күнгі сот процесінде америкалық мамандар жүргізген сараптаманың қорытындысы жария етілмек.
Атақты адвокат істің мән жайына тоқталып, кейбір жәйттерді бетінен қалқып өтті. Тереңдемеді. Айдың соңында мәлім болатын қорытындыға үлкен мән берілетінін ғана айтты. Өйткені, бұл он үш жылда жүргізілген төртінші сараптама. Бұған дейін жергілікті органдар жасаған сараптама қорытындысы түрлі түрлі болып шыққан. «Бірі айға, бірі сайға» қараған қорытындыда нақты тоқтам жоқ. Алғашқы қорытындыда белгілі банкирді қасақана өлтірген десе, енді бірінде абайсызда оқ атылып кеткен деп болжам жасалған.
Евгений Яворский, қорғаушы: «Америкалық мамандар өз ісінің шеберлері. Сараптама жүргізгендер Майкл Патрик, Скот Майкл, Йрис Делли. Майкл Патрик осы салада 20 жылдық тәжірибесі бар, өте сауатты, кәсіби маман. 27-ақпан күні Таразда өтетін ашық сотта жұмыстарының нәтижесін жариялайды. Мән-жайды тергеуге шетелдік мамандарды Тәтішевтің отбасы жалдады. Өйткені олар отағасына қастандық жасалған деп есептейді».
27 ақпан күнгі сот процесі ашық түрде өтеді. Қоғам үшін қараңғы болып келген тұстары белгілі болмақ. Сол шақта осы іске қатысы барлардың ісі қайта қаралатын болады. Тілшілер тарапынан қорғаушыға түрлі сауалдардың тиегі ағытылды. Қорғаушы бәрінің сауалына байыппен жауап қайтарды. Бірақ көп жауаптың түйіні 27 ақпан күні белгілі болады деумен шектелді.