Шымкентте Ташкент қаласындағы әйгілі «AKFA MEDLINE» көпсалалы медициналық орталығының өкілдігі ашылды. Онда жоғары білікті мамандар заманауи диагностикалық және ота жасауға арналған құрылғылардың көмегімен бірнеше қызмет түрлерін көрсетеді. Үндістан мен Өзбекстан елдерінен дәрігерлер орталықтың таныстырылымын «Риксос» қонақ үйінде ұйымдастырды.

AKFA MEDLINE — SIEMENS, Karl Storz, Carl Zeiss сияқты бірегей өндірушілердің заманауи соңғы құрал-жабдықтарымен жабдықталған Орта Азиядағы ірі жеке көп салалы медициналық орталық. Бұл емдеу мекемесінде білікті мамандар күрделі оталарды іске асырады.
Камола Мирзалиева, «AKFA MEDLINE» медицина орталығының жетекшісі: «Біз емдеуді ғана емес, диагностика мен диспансерлеуді де жолға қойғанбыз. Біздің орталықта Үндістаннан келген білікті мамандар жұмыс істейді. Алдағы уақытта шетелде жұмыс істеп жатқан өз дәрігерлерімізді де жұмысқа шақыру жоспарда бар».

12 қабатты премиум-класты медициналық ұйымда бір мезетте 160 адамға қызмет көрсетіледі. Орталық 5 блоктан тұрады. Онда имуннологиялық, биохимиялық және гематологиялық зерттеулерге арналған автоматтандырылған лаборатория жұмыс істейді. Ота жасалатын арнайы бөлме қашықтықтан бақылауға арналған бейнежазба құрылғысымен жабдықталған. Компьютерлік, магнитті-резонансты томографияның көмегімен дагоностика жасалады.

Фузулиддин Арипходжаев, медицина орталығының бас дәрігері: «Біздің орталықтың артықшылығы – пациент бізге келіп, барлық диагностикалық шаралардан өте алады. Сондай-ақ, науқастардың стационарлық жағдайда да емделуіне жағдай жасаймыз».

Пациенттерге ыңғайлы жағдай жасау үшін мұнда физиотерапиялық процедураларды жүргізуге арналған СПА кешендері қарастырылған. Орталық Шымкенттегі Тәукехан даңғылы 62 үйде орналасқан.