Тауық жылын табысты аяқтаған театр

776

Әрбір адам келген жаңа жылға үмітке толы жоспарларымен қадам басып, табысты аяқтауға тырысары сөзсіз. Сондай-ақ дәл осылай әрбір ұжым да жұмыстарын сәтті атқаруға барын салып бағады. Осындай ұжымның бірі – Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры. Шығармашылық ұжымның өткен жылғы жетістіктері мен атқарған шаруалары және биылғы жоспарлары туралы білу үшін театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбекпен сұхбаттастық.

– Сая ханым, өткен тауық жылы театр ұжымы үшін қандай елеулі оқиғалармен есте қалды?
– «Туған ай – туралған етпен бірдей» демекші, Тауық жылы өз межесіне жетті. Әлбетте; «Өткен жылда не бітірдім? Қандай жетістікке қол жеткіздім? Ұлтыма үлес қостым ба?» деген сұрақтардың парасатты қоғамда туындауы заңды құбылыс. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры үшін, 2017 жыл – елеулі оқиғаларға есте қаларлық жыл болды. Олай дейтін себеп; ТҮРКСОЙ Халықаралық комитетінің назары – Оңтүстікте болып, Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі-2017» Халықаралық фестивалі — тұңғыш Қазақтың халық артисі, кәсіби режиссері, драматург Ж.Шаниннің есімімен аталуы қуантарлық оқиға. Халықаралық театр фестивалінің ұйымдастыруына театр ұжымына сенім білдірілді.

Республикалық театрлармен қоса алыс-жақын шет елдерден келген театр фестивалінің жоғары деңгейде өтуіне Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театр ұжымы жауапты болып, артылған сенімді абыроймен атқарды. Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасымен қатысып — ІІІ орын «Жанр табиғатындағы көркемдік» жүлдесін иеленді. Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі-2017» Халықаралық ТүркСОЙ фестивалінің нәтижесінде; «Үздік суретші» номинациясын TURKSOY TESEKKUR BELGESI-мен – ҚР Мәдениет қайраткері, театрымыздың бас суретшісі Қалтөре Жұмақұлов иеленді. «Қойылымдағы ұтымды бейне» номинациясын Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасында Абылай ханның ролін сомдаған актер Махметалі Дариев алды. Театрдың көркемдік жетекшісі Жұмабек Есимов — ҚР Президентінің Алғыс хаты, Халықаралық TURKSOY TESEKKUR BELGESI-мен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Жылдың үздігі» номинациясын театрымыздың актрисасы Жәмила Бекмұрзаеваға бұйырды. Сонымен қатар, театрдың актері Е.Аманғалиев — кино саласына қосқан үлесі үшін Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

– Өткен жылы режиссер Жұмат Шаниннің өмір және өнер жолын қамтитын кітап жарық көрді. Тағы қандай игі істер жасалды?
– ОҚО әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, актер, драматург Ж.Шаниннің 125 жылдығына орай «Жұмат Шанин және Театр» деп аталатын Ж.Шанинның өнер деректері мен тағдыры және театрдың 1932 жылдан басталатын тарихи құжаттары негізінде жазылған 84 жылдық шығармашылық тарихын қамтыған кітап басылып шықты. 2017 жылдың 10 қараша күні — Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, актер, драматург Ж. Шаниннің 125 жылдығына орай           Ж. Шаниннің «Арқалық батыр» тарихи қойылымының премьерасын өткіздік. Театр ұжымы үшін тағы бір айтулы оқиға – премьераға Жұмат Шаниннің ұрпақтары еліміздің түпкір-түпкірінен жиналды. Сонау, 1922 жылы жазылған көне туындыны бүгінгі көрерменнің назарына ықшамдап ұсынған қойылым режиссері Асқар Алтынбеков. Арқалық батыр рөлін сомдаған жас актеріміз Д.Аралбаевтың театр сахнасындағы алғашқы сүбелі дүниесі екенін айтып өткім келеді. Және тағы бір игі іс ол Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы көшеге тақтайша орнатылып, облыс әкімінің орынбасары. Ұ.Сәдібеков пен ұрпақтарының қатысуымен салтанатты рәсіммен ашылды.

11 қараша күні «Театр дәнін тамырлатқан тарлан» атты Қазақтың тұңғыш халық артисі, кәсіби режиссері, драматург Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Республика театрларынан арнайы келген қонақтар мен Ж.Шаниннің ұрпақтары қатысқан дүбірлі іс-шара өтті. Сонымен қатар, театр мұражайында «Жұмат Шанин бұрышы»салтанатты тұсау кесер рәсімімен ашылды.

– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде қандай спектакль ұсындыңыздар?
– Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандырылған көрмесі аясында Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Театрлар қауымдастығы ұйымдастырған Қ.Сүгірбеков атындағы І республикалық жас режиссерлер-форумына режиссер Болат Әбдірахмановтың О.Богаевтың «Ылдиға жол» әпсанасымен қатысып, «Диплом»-мен марапатталды.

– Қасиетті сахнада ұзақ уақыттан бері қызмет ететін қай әртістердің еңбегі еленді?
– Елеулі оқиғалардың бірегейі – ҚР еңбек сіңірген қайраткер Мәжіт Ілиясқаров ағамыздың 80 жасқа толған мерейлі жылы, облыстық театрлардың қатысуымен сахна төрінде мерейлі бенефисі атап өтілді. Елу жылдан аса өмірін сахна төріне арнаған майталман актердің шығармашылығына шолу жасаған театрландырылған қойылым, көрермендердің ілтипатын иеленді.

– Театр репертуары қандай қойылымдармен толықты?
– Бұрын сахналанған қойылымға деген көрермен тарапынан сұраныс туындап жатады. Қоғамдағы сан-қырлы жайттарға өзіндік үн қосатын Т. Джудженоглының «Көшкін» аңызын театр режиссері А.Алтынбеков пен кезінде Қазақстанның халық артисі Е.Уразимбетов сахналаған Ә.Ақпанбеттің «Түнгі көбелектер» драмасын театр актрисасы А.Нұртазина қайта жаңғыртып, репертуар қоржынына қайыра қосты. Ал жыл соңын; «Балаларға — базарлық» айдарымен кішкентай көрермендеріміз асыға күтетін Шырша кеші — «Жаңа Жылға саяхат» көңілді ертегімізбен аяқтадық. Аз ба, көп пе, патша көрермен көңілі таразылар. Әзірге айтарымыз, Тауық жылының театрымыздың шығармашылығына әкелген толағай жетістіктері осындай болды.

– Биылғы театр маусымына әзірлікті бастап кеткен боларсыздар. Қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Театр — жанды организм деп қарайтын болсақ, үздіксіз еңбекпен репертуар жаңартылып, көрерменімен қауышып отыруы шарт. Жылды М.Байғұт ағамыздың «Асқаровтың аққайыңдары» драмасына дайындықпен бастап кеттік.

– Репертуар тағы қандай пьесалармен толығады?
– Қазақ әдебиетінің інжу-маржанына айналған М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын, Ж.Ерғалиевтің қоғамдағы теріс діни ағымның отбасына әкеліп жатқан қасіреті жайлы «Жан шырылы» драмасы секілді жаңа қойылымдар мен «Балаларға — базарлық»айдарында ертегілермен қоржынымыз толықтырылмақ.

– Шет елдерге гастрольдік сапарлар жоспарланды ма?
– Көктемге қарсы Алматы қаласына гастрольдік іс-сапарға шығуды жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР