Жаңа көпқабатты үйлердің сейсмоқауіптілігі қандай?

544

Шымкентте салынып жатқан көпқабатты үйлерде сейсмоқауіптілік сақталған. Мамандар екі күн бұрын жер сілкінгенде тұрғындардың дүмпуді сезбегенін айтады. Құрылысшылардың айтуынша, әрбір кірпіш жобалық сметалық құжатқа сәйкес және құрылыс ережелері мен нормаларына сай қаланады.

Әсіресе, «Нұрсәт» шағынауданында салынып жатқан көпқабатты үйлерге келер қауіп жоқ. іргетасы қатты нығыздалып, талапқа сай салынған дейді.

Шымкенттегі көпқабатты үйлердің басым бөлігі сейсмоқауіпті. Жыл сайын «Қазақстан Республикасының сейсмоқауіпті өңірлерінде орналасқан тұрғын үйлердің сейсмотұрақтылығын қолдауға бағытталған іс-шаралар» бюджеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп, сейсмикалық күшейту күрделі жөндеуден өтеді. Былтыр Б. Момышұлы көшесіндегі 8 үйде сейсмикалық жағдайға қарсы құрылыс жүргізілген. Ол мақсатта бюджеттен 176 млн 456 мың теңге бөлінген болатын. Төртінші қабаттағы пәтерде тұратын Рустам осы аптада болған жер сілкінісінің әсерін байқамадық дейді.

Рустам Газеев, қала тұрғыны: «Бұл үйдің жертөлесінде сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілген. Құрылысшылар қабырғаларды мықты нығайтқаның арқасында жер сілкінгенін де сезбедік. Үйіміз өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Тозығы жеткен үйімізде бірнеше пәтерлер мен подъездерде қабырғалар ажырап, апатты жағдайда еді. Айта айта әйтеуір күрделі жөндеуден өткізіп алдық. Үрейіміз сейілді».

Былтыр қалада сейсмикалық күшейту күрделі жөндеу жұмыстары бірнеше көпқабатты үйде жүргізілген. Атап айтсақ, Қаратөбе тас жолындағы 34 үйде, Володарский көшесіндегі 5, Асқаров көшесіндегі 29, Әлімқұлов көшесіндегі 26, Б. Момышұлы көшесіндегі 23 а үйлерінің қабырғалары мен іргетасы нығайтылған болатын.

Айнұр Құланова, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы: «Былтыр Шымкентте 7 үй, биыл тағы 6 үй сейсмикалық күшейтуден өтеді. Олар Асқаров көшесіндегі 43, 3 шағынауданындағы 3, Жібек жолы көшесіндегі 43 үй».

Шымкент сейсмикалық қауіпті аймақтар қатарына жататындықтан, қала аумағындағы құрылыс мемлекет тарапынан қабылданған ереже мен заңдылықтарға сәйкес жүргізіледі. «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің құрылысы барысында сейсмикалық талаптар қатаң ескеріледі дейді мамандар.

Жақсыбек Оразов, құрылысшы: «Мемлекет бекіткен талаптар бойынша құрылыс жүргіземіз. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті нығайту жұмыстары жүргізіледі. 9 қабатты үй салып жатырмыз ғой.Шымкентте болған жер сілкінісінің әсерін байқамадық».

Көпқабатты үйлердің сейсмикалық жағдайын тексеретін арнайы құрылғы да бар. Пайдалануға тапсырылатын үйдің сейсмикалық тұрғыда беріктігін анықтау мақсатында көпқабатты үйлердің жоғары қабатында сейсмоқабылдағыштар орнатылып, үй тербетіледі. Тексерістен кейін үйде еш ақаулар орын алмаса ол қабылданады.

Шынар Оразова