«Қазағымның келіндері-ай» байқауы өтті

1346

Күні кеше Бәйдібек аудандық «Жастар сарайында» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қазағымның келіндері-ай» атты байқау болып өтті.

Ұлттың ұйытқысы болып отырған ауылдарда бүгінде ененің тәрбиесін көрген келіндер ұлттық салт дәстүрді ұмытпай, ұлықтап келеді. Екінші анасынан алған тәрбиені, үйреткен үрдісін, қазақы қалыпын сақтап жүрген аяулы келіндердің қарасы көп.

 

 

Ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған ізеттілікті, инабаттылық пен парасаттылық қасиеттерін бойына сіңірген үлгілі келін, ақылды ана, сүйкімді жар болып, әр салада қызмет етіп жүрген ауылдың келіндерін халыққа таныстырып, насихаттау мақсатында өткен байқауда келіндер барын салды.

Сайыс өте тартысты өтті. Әділқазылар алқасына бірінен бірі өткен өнерлі, шебер қолды, ісмер, аспаз келіндердің арасынан үздігін таңдау оңайға соққан жоқ.

Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген көрпешелерді, ұмытылып бара жатқан ұлттық асымызды керемет дайындап, көпшілік назарына ұсынды. Ұсынып қана қойған жоқ, ұлттық ою-өрнектердің қыр сырынан сыр шертіп, ұлттық асымыздың қалай дайындалу жолдарын да жіліктеп, жіктеп өтті.

Ұлттық салт дәстүрімізді, ұлттық үрдісімізден де хабардар екендіктерін байқатты. Осындай өнерлі, зейінді келіндер тұрғанда қазақы қалпымыз, ұлттық үрдісіміз ешуақытта да жойылмай, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіндігі шын қуантты.

5 кезеңнен тұратын байқауға аудандағы ауылдық округтерден келіндер қатысып, бақ сынаған болатын. Байқау соңында жеңімпаз келіндерге бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.