Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кәрім Көкірекбаев Қырғызстан Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы Уларбек Шаршеевпен кездесті, деп хабарлайды inform.kz.

Қазақстан Елшілігінің мәліметінше, кездесу барысында тараптар Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтің 2017 жылдың 25-26 желтоқсанында Астанаға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау аясында екі ел шекарасын қорғау және шекара инфрақұрылымын жақсарту саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

«Сартөбе», «Ауқатты» өткізу пункттерінің жұмысын жетілдіру, «Қарасу» өткізу-бақылау пункті көпірін жаңғырту, жазғы туристік маусымда шекара өткелдерінің өткізу қабілетін арттыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Мемлекеттік шекараның қазақстандық-қырғызстандық учаскесіндегі өткізу пунктерімен танысу туралы келісімге қол жеткізілді», – делінген Қазақстан Елшілігі таратқан хабарламада.

Кездесу соңында тараптар мұнан ары да жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендіктерін атап айтты.