Биыл қар аз түсті. Қазгидрометтің дерегіне сенсек, қардың көлемі әдепкі нормадан төмен. Өткен жылдың желтоқсанында ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы егіс науқанында қуаңшылық болуы мүмкін екенін де ескертті.
Министрліктің айтқанын «Қазақ-Зерно» агенттігінің сарапшылары да қоюлата түседі. Сарапшылардың сөзінше, қыстағы жауын-шашынның аз түсуі топырақтағы ылғалдың азаюына әкеледі. Егер көктем мен жаз ыстық болса, онда бізді алда қуаңшылық маусымы күтіп тұр. Әйткенмен, мұның бәрі болжам ғана.
Ал ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов су тасу қаупі бар өңірлерді атады. Министрдің дерегінше, ең күрделі жағдай мұздың еріп, Сырдария өзені суының деңгейінің артуына байланысты Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында болуы ықтимал. Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары да осы тізімде.
Сонымен қызыл судан келер қауіп бар ма? «Қазсушар» мекемесінің Оңтүстік Қазақстан филиалының таратқан мәліметінше, Сырдария өзені бойындағы елдімекендерді су басу қаупі жоқ. Бүгінде Сырдариядан Шардара су қоймасына 1122 текше метр су құйылып жатыр. Қоймадағы судың көлемі 3,5 млрд текшеметрді құрайды.
Жобалық сыйымдылығы 5,2 млрд текше метр. Сумен толуы — 67%. Көксарай су реттегішіне 300 текше метр, Қызылордаға 200 текше метр су жіберілуде екен. Айтуларынша, жауын-шашын, қар аз түскендіктен судың мөлшері төмен. Сондықтан да қоймаларға су қорын жинап жатыр.
Қазір көктемгі су тасқынына дайындық аясында ірі су қоймалары және гидротехникалық құрылымдар, каналдардың жағдайы, ондағы судың деңгейі бақылауға алынған. Су қоймаларынан келетін қауіптің алдын алу үшін ел үкіметі республикадағы су қоймаларды, каналдарды түгендеп, ескірген нысандарды қайта құруға қомақты қаржы бөлуде.
Облыстағы 43 су қоймасының 19-ы және 1 су реттегіш — республикалық меншікте. Олардың күтімі — «Қазсушар» РМК ОҚ филиалының міндетінде. Таяуда Сарыағаш ауданындағы «Ақылбексай» су қоймасы күрделі жөндеуден өтті. Бюджеттен 500 миллионнан астам қаражат жұмсалды.
Төлеби ауданындағы Тоғыс су қоймасында күрделі жөндеу 2016 жылы басталып, былтыр аяқталды. Мұндағы бас су алу тоғанының қабырғалары құлау жағдайына жетіп, суды жіберіп тұратын бекіту қондырғылары тозып, шіри бастаған еді. Барлығы жаңаланды.
Нысанның сыйымдылығы — 4,6 млн текше метр. Тоғанның ұзындығы – 265 шақырым. Қазір қоймадағы су деңгейі төмен. Бұған жауын-шашын мен қардың аз түсуі себеп. Осындағы Тоғыс-Бадам каналы жөнделді. Ұзындығы 4,1 шақырым канал бетондалыпты. Қазір суды Фосфор зауытына жіберіп жатыр. тапсырыс бойынша. Онда өндірістік қалдықтар өртеніп кетпес үшін сулап тұрады.
Арнасай бөгетінде де Шардара су қоймасынан келер қауіп сейілген. «Арнасай» бөгетіндегі гидротехникалық құрылымдар кешені жаңаланған. Арнасай бөгетін қайта құру жұмыстары Үкіметтің тікелей тапсырмасымен жүргізілген. Жобалық құны 15 млрд теңгені шамалайтын нысанның құрылысына 12 млрд 718 млн теңге жұмсалған.
Арнасай бөгетінің солтүстік жағалауындағы 16 шақырым, оң жағалауындағы 18,4 шақырым бөгеттің 8 шақырымы бекітілген. Көктемгі су тасқыны бола қалған жағдайда жол бойында тас және темір тордан жасалған жер дамбасы да қарастырылыпты. Құрылысына 8 млрд теңгеден астам қаржы кеткен.
Бөген су қоймасының аумағында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жилстройиндустрия» ЖШС Түркістан магистральді каналын күрделі жөндеуден өткізіп, жаңадан қашыртқы салуға кірісіпті. Бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, құрылысы былтыр қазан айында басталды. Бөген қоймасы толса, артық су осындағы жаңадан салынған қашыртқы арқылы егістікке жіберіледі. Бетондау жұмыстарын алдағы екі айда бітіретіндерін айтады.
«Каналдың ПК 27 бекетіне дейінгі аралықтағы жұмысты 10-сәуірде аяқтауымыз қажет. Тамызға дейін бетонмен қаптау жұмыстары тоқтатылып, шаруаларға ағын су жіберіледі. Осы аралықта жағалаудағы автоматика пайдалануға арналған ғимарат құрылысын саламыз. Нысан осы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі, — дейді «Жилстройиндустрия» ЖШС-нің нысан жетекшісі Дінислам Нұрдәулет.
Күрделі құрылысты бастауға апатты жағдайдағы Түркістан каналы негіз болыпты. Каналдың табандарында сызат пайда болып, бетондары үгітіле бастаған. Енді соны қайта бетондап шығады. Бөген су қоймасының су сыйымдылығы — 370 млн текше метр. Арыс өзенінен толығатын су айнасының көлемі өте үлкен. Қоймаға су қорын қарқынды жинау наурыз-сәуір айларында басталады. Мамандар қоймаға да күрделі жөндеу қажет екенін айтады.
Тоқтамыс Молдағалиев, «Қазсушар» РМК ОҚФ директорының орынбасары: «Гидротех-никалық жүйелердің құрылысы, жөндеу жұмыстары өте күрделі. Өйткені, ұзақ мерзімге салынған канал, тоған берік болып, суға шыдас беруі керек.Сондықтан да құрылыс барысында барлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Түркістан магистральді каналының 3,7 шақырымы жаңаланғаннан кейін каналдың жағалауында қоныстанған ауыл тұрғындарына жер асты суларынан қауіп сейіліп, ағын су тапшылығы мәселесі шешіледі».
Облыстағы су қоймаларының жайы осы. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, облыстағы су тасқынынан келер қауіп тұрақты бақылауда екен.Өңірдегі су қоймаларының орташа толуы 35-60 пайызды құрайды. Сырдария өзенінде қатқан мұз еріп, өзен бойында орналасқан аудандардағы жағдай қадағалауға алынған. Тасқынға қарсы 39 іс-шараға жалпы 2,6 млрд теңге қаралыпты.
Әйткенмен әр жылы билік «бәрі бақылауда» деп сендіргенімен, су тасып, аулаға кіріп, халықты әбігерге салып қоятыны және бар. Мұндай жағдай облыс орталығы Шымкентте де байқалады. Жаңбыр жауса, ирригациялық жүйелердің нашарлығынан көше аралаған су үй-үйге кіріп, көлге айналады.
Егер су қоймаларынан, өзен-көл, каналдардан, жауын-шашыннан келер қандай да бір қауіпті алдын байқап, не іргеңізге су келіп, мәселе туса, онда мына телефон нөмірлеріне қоңырау шалып, хабар беріңіз.
ОҚО-ның Төтенше жағдайлар департаментінің 24 сағат бойына үздіксіз жұмыс істейтін шұғыл кезекші бөлімінің тел: 44-94-32, 44-94-37
«Қазсушар» РМК ОҚФ-ның қабылдау бөлімінің тел: 54-87-37
Шынар Оразова