«Қайтпас-1» шағынауданындағы салынып жатқан ауысымына 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысымен облыс мәслихатының депутаттары танысып шықты. Нысан құрылысын «Тур-Ахмет и Компания» ЖШС -і жүргізуде.
Серіктестік директоры Дәурен Ахметов облыс мәслихатының депутаты. Құрылыс жөніндегі тұрақты комиссияны басқарған тәжірибелі маман «бұл өңіріміздің өркендеуіне қосқан үлесім», — дейді. Нысанды салуға келісімшарт былтыр маусымда түзілген болатын. Емхананы мердігер биыл тапсырамыз деп жоспарлауда. Жобаның жалпы құны 1 млрд 657 млн 705 мың теңге.
Дәурен Ахметов, «Тур Ахмет и Компания» ЖШС-нің директоры: «Тәуекел деп жұмысымызды бастадық. Өз қаржымызға құрылыс жұмыстарын жүргізудеміз. Үш қабатты ғимараттың қабырғалары көтеріліп, шатыры жабылды. Ендігі кезекте ғимараттың ішінде қажетті жүйелерді орнату, әрлеу жұмыстарына кірісеміз. Құрылыс материалдары, техника, жұмысшыларымыз жеткілікті. Жұмыс болған соң күрделіліктер де болады. Банктен несие алуда пайыздық мөлшерлемесін төмендетпекпіз. Облыс әкімінің орынбасары, әріптес депутаттарға бұл мәселені баяндадым. Көмек көрсетеді деген сенімдемін. Көп кәсіпкерлер «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» бойынша жобаларға қатыссақ, тиімді ме? Әлде шығынға батамыз ба?», — деген ойда. Айтарым, еш уайымдамай, игі бастаманы қолдап, білек сыбана кірісіңіздер. Нәтижесін көреді. Өйткені өзім қазір жұмысшыларымды жұмыспен қамтудамын, мемлекет тарапынан қаржылай көмек те көрсетілуде. Есесіне барлық жағдайлар келісімшартта көрсетілген».
Мемлекеттік — жекешелік әріптестік бойынша тек әлеуметтік нысандарды салып, күрделі жөндеуден өткізу емес, ирригациялық жүйелер, каналдарды да ретке келтіруге, қатысуға болатынын «МЖӘ» ЖШС-нің сарапшысы Ақберген Тұрсамбеков айтады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік — бұл кейбір мемлекеттік қызметтерді және әлеуметтік жобаларды дамытуға және тиімді басқаруға бағытталған мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығы
Емхананың аумағында облыстық денсаулық сақтау басқармасы жедел медициналық қызмет көрсету станциясы да қарастырған. Өйткені «Қайтас 1», «Нұртас» шағынаудандарында халықтың саны жыл санап өсіп келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Орынбеков «Оларға медициналық көмек қолжетімді болуы қажет», — дейді.
2017 жылдың қорытындысымен Оңтүстік Қазақстан облысы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік » аясында жобаларды жүзеге асыру бойынша түзілген келісімшарттар саны бойынша республикада алдыңғы қатарда.