Бүгінде Шымшаһардың тірлігі қайнап, көшелері жайнап тұр. Өзге өңірлерде алай түлей боран болып жатса, күнгейде көктем шығып, ерекше күйге бөленуде. Қала көшелеріне текеметтің түріндей жайнаған түрлі түсті қызғалдақ атаулы сән беріп тұр.
Шымкенттің негізгі символына айналған қызғалдақтың сан алуан түрі бүгінде көшеде көз қарықтырады. Бұрын қала көшелерінен көрінбейтін сирень түсті жауқазындар жайнап тұр. Былтыр күз айында қала көшелеріне 1 млн. 37 мың түп қызғалдақ егілген болатын. Наурыз айының соңғы күндерінде миллионнан астам қызғалдақ түгелімен ашылып, түрлене түспек.
«Оңтүстік Туризм орталығы» жуырда бүкіл қазақстандықтарды Шымкентке шақырды. Қызғалдақтар маусымына. Сан алуан түсті қызғалдақтардың толығымен ашылып, айналаға хош иісті жұпарын шашатын уақытында әсемдікті паш етпек.
Көктем гүлінің басым бөлігі қаланың қақ ортасындағы Қызғалдақ субұрқағының айналасында шоғырланған. Аз ғана уақыт қалаға көрік беретін қызғалдақтардың тұқымы шілде айында қазалып алынып, арнайы қоймаларда сақталады.
Ал күзде қайта отырғызылатын болады. Осылайша ешқандай ысырапсыз тірлік жалғасын таппақ.