Ұлттық рухтың уызынан нәр алған…

1262

Бүгін Сайрам ауданы Ақбастау ауылында Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесі тойланды. Өзге ауылдардағыдай көше-көшеге бөлініп емес, тұрғындар бұл мерекені жылда тұтас ауыл болып тойлайды.

Оған ұйытқы болатын — мектеп түлектері. Биыл Ұлы тойды ұйымдастыру 1973 жылы туылған, яғни Алтын ұясымен 1990 жылы қоштасқан түлектерге тиіп отыр. Мектеп қабырғасында ұйымшыл, тату болған сыныптастар бүгін де өздерінің ынтамағының ыдырамағанын байқатты.

 

 

 

Ақбастаулықтар үшін мерекелік дастархан жайып, түрлі ұлттық ойындар өткізіп, арқа-жарқа болды. Келіндер сайысы да қызықты өтті. Онда осы ауыл әулеттерінің абыройын ту еткен ақ жаулықтылар өзара бақ сынасты. Алдымен шаштай етіп, кеспе кессе, кейін өз өнерлерін ортаға салды. Он саусағынан өнері тамған келіндердің бірі ою ойып, енді бірі мың бұрала би билеп, меркенің көрігін қыздырды.
Ал ақ әжелер бұл күні ұлтымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртты. Сәбидің тұсауын кесіп, түрлі көріністер көрсетті. Өскелең ұрпақтың санасына бай әрі тәрбиелік мәні зор игі дәстүрлеріміздің құндылығын сіңіру үшін ақ самайлы аналар барын салды бұл шарада. Ауыл өзнерпаздары да Ұлық мерекені тойлау үшін бас қосқан көпшіліктен аянып қалған жоқ. Ұлттық рухтың уызынан нәр алған күмбірлі күй, мәнерлі би, әуезді ән, сырлы саз — мерекелік көңіл-күймен астаса өрілді.