Ауыл мұғалімдері мен дәрігерлерге қызметтік баспана беріледі

435

Бүгін Оңтүстікте өткен кеңейтілген мәжілісте «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі талқыланды. Облыс әкімі өңірде Елбасы көтерген әлеуметтік бастамалардың барлығының да бұлжымай орындалатынын жеткізді. Күнгей халқы арзан баспанамен қашан қамтылады? Жастар үшін жоғары білім қаншалықты қолжетімді болмақ? Бизнес бастаудың жолы қайсы?

Әрбір отбасы баспаналы болуы тиіс. Ол үшін банктер халыққа жеті пайыздық үстемемен несие беруі шарт. Ал бастапқы жарна — 20 пайыздан артық болмауы керек. Тұрғын үй құрылысы қарқындап келе жатқан күнгейде ауыл мұғалімі мен дәрігері әзірге қызметтік баспананы місе тұта тұрады.

Биыл бұйыртса, 20 елдімекенде 212 пәтерлі 20 қызметтік тұрғын үйдің құрылысы басталады. Өңір басшысы баспана мәселесін мемлекелеттік қолдаулардан бөлек инвесторлардың да көмегімен шешілетінін жеткізді.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Берекелі бастамалардан студенттер де шет қалмақ емес. Елбасы жоғары білім алудың қолжетімділігін, сапасын арттырып, жатақханадағы жағдайын жақсарту туралы бастама көтеріп отыр. Жатақхана жетіспеушілігі біздің өңірде де сезіледі. Мәселен, жергілікті оқу орындарында оқып жүрген 66 мың қыз-жігіттің небәрі 6 мыңына ғана студенттер үйінен орын бұйырыпты».

«Шағын несие беруді көбейту», «Бастау Бизнес» жобасына қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды.

Бұл бағытта биылғы жылы «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 4 млрд. теңгеге шағын және орта бизнеске көмек көрсетілу жоспарда бар. Қысқасы бұл Елбасы айтқандай, егжей-тегжейлі есептеліп кесіліп-пішілген шешімдер. Береке бастауы болар бастамаларға күнгей жұрты зор үміт артады.