«Ауыл шебері» атанғыңыз келсе…

656

Өткен жылы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Әр ауылға өз маманы» атты облыс көлемінде акция ұйымдастыру жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Бұл өз кезегінде ауылға қажетті мамандарды оқытып, қайта даярлауда өз жемісін бере бастады.

Осы акция аясында «Ауыл шебері» жобасы да қолға алынған болатын. Ауылдағы ағайынның әл ауқатын арттыру мақсатында серпін берілген жобалардың бүгінде аяқ алысы жаман емес. Былтыр арнайы бағдарлама шеңберінде Сарыағаш ауданы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 1 639 азамат оқып бітірді.

Оның ішінде ауданға қажетті деген жұмысшы мамандарды дайындау мақсатында сұранысқа ие 11 мамандық бойынша әр ауылдық елді мекенде нақты 1035 азамат оқу курстарына жолданып, оқуды бітірген жаңа кәсіп иелеріне аранайы куәліктер тапсырылды.

Оқуды тәмәмдау бар да, оны нақты жүзеге асырудың жөні бөлек. Осы орайда ауданда қысқа мерзімді оқу курстарын тәмамдағандар үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. Арнайы жәрмеңкеге 60-тан астам жұмыс беруші мекемелер қатысып, 250-ге жуық жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесі бойынша оқуды бітірген азаматтардың 65 пайызы алған мамандықтарына сәйкес тұрақты жұмыс орындарын тапты.

Бағдарлама аясында 2018 жылдың наурыз-сәуір айларында 46 мамандық бойынша жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес қысқа мерзімдік кәсіптік оқыту курстарында 1190 азаматты оқыту жоспарлануда. Қазіргі таңда Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өңірлік комиссияда мамандықтар тізбесін қарап бекіту үшін жолданды.

Оның ішінде ауылға қажетті 2017 жылы қамтылмаған елді мекендерді ескеріп, 15 мамандық бойынша төмендегі мамандықтар бойынша 855 маман даярлау жоспарланып отыр. Жалпы бағдарламаға қатысушылардың 72 % құрап отыр.

Аудан аумағында «Ауыл шебері» жобасының ұйымдастырылуы көптеген ауыл жастарына, ауылда тұратын жұмыссыз әйелдерге, әсіресе елуден асқан азаматтарға көп ықпалын тигізгені сөзсіз. Ауыл тұрғындарының қысқа мерзімді кәсіби оқуды аяқтап, мамандығына сәйкес тұрақты жұмысқа орналасу жобаның басты мақсаты болып табылады. Сондықтан жобаның тиімділігін ескере отырып, биыл да жоба өз жалғасын тапты. Ол үшін аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласуға болады.