Шымкенттегі «Акбар» базары маңындағы аялдаманың ауыстырылғанына көпшілік наразы. Саудамызды жасап, базар тұсындағы аялдамадан автобусқа отыру бізге ыңғайлы еді дейді олар. Қазір жұртшылық базарлықтарын көтеріп, әудем жерге сабылып жүрміз деп ашынады.
Базарлыққа толы сөмкелерін арқаланып аялдамаға тартқан жұртшылықтың жанайқайы біздің арнаға жетті. Шағымданушылар автобус күтуге арналған орынның ауыстырылғанына наразы. Осыған дейін базарға тиіп тұрған аялдамада автобус күтіп үйреніп қалған жұртшылықтың көңілінен жергілікті биліктің шешімі шықпай отыр.
Әсіресе егде адамдар мен нәрестелі тұрғындарға обал болды дейді жолаушылар.Төлеби ауданына қатынайтын тұрғындар тіпті ашулы.
Бұрын аялдамаға осы жерде болған. Қазір базардан сауда-саттығын жасаған тұрғындар әудем жердегі аялдамаға әрең жететіндерін айтады. Ал жергілікті билік өкілдерері аялдама орнын ауыстыруға осы маңайдағы көлік кептелісі себеп болғанын айтады. Халыққа ыңғайлы екенін біле тұра осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық дейді шенеуніктер.
Алайда, тұрғындар жолды кеңейту арқылы да көлік тығынын шешуге болар еді деп шағынуда. Халық шағымына құлақ асар шенді қайда? Аялдама ауыстырылмайды дегенді сектор меңгерушісі қадап айтты.