Бала тағдыры: «сәтсіз сценарий»…

688

Қоғам қатыгезденіп барады. Айтамыз. Ашынғаннан…

Кешегі Сарыағаштағы «бала зорлау» оқиғасы қатыгездіктің «заманауи үлгісін» көрсетті. Баланың тағдырынан басшының креслосын жоғары қойған кейбір шенділердің қарапайым халықпен санаспай, туындаған мәселені дер кезінде шешуге уақыт таппай, тапса да аса мән бермеуі халықтың ашу ызасын ернеуінен асырды.

Онсыз да шекпен киіп, шен таққандардың әрекетінен әбден зәрезап болған қалың бұқара бұдан арыға төзбейтіндігін аңғартты. Көп өзінің көзі ашық, көкірегі ояу, кеудесін бастырмайтын намысшыл халықтың ұрпағы екендігін еске салды.

Пойызбен жолға шыққалы тұрған әжесі мен немересін күштеп алып қалып, оқиғаны басқаша өрбітпек болған сәтсіз сценарий жағдайды, тіпті ушықтырып жіберді. Көптің көтеріліп кету қауіпінен қорыққан болуы керек «қойылым авторлары» алдаусыратуға талпынды-ақ… Тағы да сәтсіздікке тап болды…

Адам құқығын қорғау жөніндегі бюро мамандары іс әділ тергелмесе, ЮНИСЕФ, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың бала құқығын қорғау жөніндегі сарапшыларын шақыруға мәжбүр боламыз деді. Бұл жауаптылардың төбе шашын тік тұрғызған болуы керек. Мәселенің тоңы жіби бастады осыдан кейін. Өздері тобыр санайтын қоғамның оянып келе жатқанын бір бағамдатып қойды.

Қорғансыздардың жанайқайын жоғарыға жеткізбей, оның орнына тамыр танысы көп біреудің креслосын аман алып қалу операциясы сәтсіздікке ұшырады осылайша. «Масқара боламыз» деген пасық пиғылдың жетегінде кетіп, оқиғаны жасырып жаппақ болғандардың орны түрме еді. Алайда …

«Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп Конституцияда жазылған қағиданы басшысымақтар талай жерде аяққа таптап отырғанын аз естіп жүрген жоқпыз… Мәселеге акулалардың емес ұсақ шабақтардың қызметін құрбандыққа шалумен нүкте қойылмасы анық.

Адам тағдыры таразыға тартылған тұста аттандайтын жанашыр, ізгі ниеттілердің арқасында қоғам дүр сілкінді. Адам тағдырын ойыншық санау неге апарып соқтырарын көзін шел басқандарға тағы бір ұқтырды.

Қоғамды қолдан жасауға болады деп ойлайтындар, тобырды басқару оңай деп санайтындар қатты қателеседі… Өйткені «ғасырлық ұйқы» мәңгі келмеске кетті! Оған СЕНІМ бар.

Гүлжан Көшерова