Елді дүрліктірген 7 жасар баланың оқиғасы депутаттарды да бей-жай қалдырмады. Сарыағаш ауданындағы №40 округтен сайланған депутат жағдайдың ушығуына себеп болған жағдайды жасырмады. Десе де, Астанада жүргізіліп жатқан сараптаманың қорытындысын күту керек деп есептейді.
Жаңабай Ағабеков, облыс мәслихатының депутаты: «Мен оқиға орын алған ауылда болдым. Мектеп директоры мен оқу ісі жөніндегі меңгерушінің арасында текетірес орын алған. Айыпталып жатқан балалардың ата-аналарымен кездестім. Олар зорлауға балаларымыздың еш қатысы жоқ дегенді айтуда. Мен аудандық полиция бөлімінде де болдым, баланың туыстарының арыздары барлығы тіркелген. Уролог маманның да қорытындысы бар. Ауылдағы тұрғындар мұндай жағдай болуы мүмкін емес деп отыр. Қалай болғанда да сараптаманың қорытындысын күтеміз».
Бұл мәселеге қатысты облыс мәслихатының мемлекеттік құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзін басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы да өз пікірін білдірді.
Өмірзақ Мелдеханов, төраға: «Елді шулатқан Абайдағы 7 жасар балаға қатысты оқиғаға айтарым, мәселе екі кланның арасындағы даудан пайда болған. Жас баланың жағдайын ойлаған адамды көрмедім. Баланы Зағипа Балиева алып кетті ғой… Сол округтен сайланған депутатымыз Жаңабай Ағабековтен орын алған жағдайды сұрастырдық. Екі кланның өз мәселелерін саясатқа айналдырып, баланы қосып шешіп жатыр. Мен тұрақты комиссияның төрағасы ретінде айтарым, мәселе біздің қадағалауымызда. Тексеру нәтижесімен халықты хабардар ететін боламыз».