Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық бірыңғай күні аясында еліміздің барлық аймақтарында жастардың қатысуымен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін талқылауға арналған жиын өтті.
Өңірдегі этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының, оқу орындарындағы «Достық» клубтарының төрағалары мен белсенді мүшелері осы күні облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында бас қосты.
Жиынды ашқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов бұл Үндеу Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруындағы бес басым бағытты айқындап берген бірегей бағдарламалық құжат екенін айтты. Әсіресе, жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы, қосымша 20 мың грант бөлу және 75 мың орынға арналған студенттік жатақханалар салу жастарға үлкен қолдау екенін тілге тиек етті.
Жиында сөз алған облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі Диана Мерсиева мен Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі жанындағы «Достық» клубының төрағасы Данияр Мұсабаев жуырда Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының конференциясы на қатысқанын, онда қаралған мәселелерді сөз етті.
Айта кету керек, 15 наурыз күні Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» атты республикалық жастар қозғалысы құрылып, жұмысын бастаған болатын. Бұл қозғалыс алдағы уақытта барлық аймақта этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар ұйымдарын біріктіріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы тапсырмаларды іске асыруға үлес қосады. Қозғалыс төрағасы болып ҚХА мүшесі Максим Споткай сайланған.