Биыл облыста 50 елді-мекен газдандырылатын болады. Көгілдір отынға қол жеткізетін ауыл-аймақтардың дені жаңа құрылыстар.
Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен Президенттің бес әлеуметтік бастамасы талқыланған жиында мәлім болды. Сала мамандарының айтуынша, бүгінде өңірдегі 800-ден астам елді-менге газ құбыры тартылған. Биыл табиғи газбен қамтамасыз ету саласында 67 нысанның құрылысына 16 млрд. теңге бөлініп отыр дейді жауаптылар.
Газсыз отырған кей қалалықтардың мәселесі де толықтай шешімін таппақ. Биыл газ тарату стансасының құрылысы басталады. Нысан пайдалануға берілсе, қаладағы және өңірдегі өзге де елді-мекендерді газбен қамтуға мүмкіндік береді.