Облыс мәслихатының депутаттары Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылындағы балабақша ғимаратында атқарылған жұмыстармен танысты. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қайта жөндеуден өткен бұрынғы мектеп ғимараты жақын арада пайдалануға тапсырылады.
Жекеше әріптес «Сиргос» ЖШС -і құрылысты өз қаражатына салды. Жоба құны 296 млн теңгеге жуық. Инвестициялық шығындарды қайтару мерзімі 5 жыл.
Нұркен Төлендиев, Сиргос ЖШС — нің директорының орынбасары: «Бұл ғимаратта бұрын мектеп оқушылары оқыған. Біз ғимаратты еденінен бастап шатырына дейін толық жаңаладық. Құрылыс барысында отандық материалдар пайдаланылды. Келісім бойынша құрылысты 8 айда аяқтауға тиіс едік. 7 айда бітірдік».
Сайрам ауданында 200 мыңнан астам халық тұрады. Демографиялық өсім белсенді. Сондықтан да балабақшалар артықтық етпейді.
Бақтияр Мамаев, Сайрам ауданының әкімі: «Сайрам ауданында балабақшалардың жалпы саны — 92. Олардың 10 -ы шағын орталықтар, 12 — сі мемлекеттік бала бақшалар, 72- сі жекеменшік. Бүгінде кезектегі балалардың 86,6 пайызын қамтып отырмыз. 2021 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді жоспарлаудамыз».
Жалпы 2017 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыста 48 жоба бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Оның ішінде 8 білім, 2 денсаулық сақтау, 4 спорт саласы негізінде бой көтерген нысан. Биыл да бұл бастама жалғасын табады.
Әбілқасым ДОСБОЛОВ, облыс мәслихатының депутаты: «Облыс мәслихатының бюджет және экономиканы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының күн тәртібіне мемлекеттік- жекешелік әріптестік аясындағы жобалардың өңірде жүзеге асуы мәселесі енгізілген. «Қайтпас -1»- шағынауданындағы емхананың, «Нұрсәт» шағынауданындағы «Атамекен» корпорациясы салып жатқан балабақшаның құрылысымен таныстық. Ақсукенттегі қайта жөндеуден өткен 200 балаға шақталған балабақшаның да қажеттілігі зор. Осы орайда қалталы азаматтарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша халқымызға қажетті әлеуметтік нысандарды салуға шақырамын. Ақшаны қайда жұмсауды ойлап жүрген азаматтар үшін мемлекеттік -жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыру өте тиімді. Өйткені құрылысқа жұмсаған қаражатты мемлекет қайтарады. Әрбір кәсіпкер өзінің туып өскен өлкесінде мектеп не балабақша, медициналық бекет салып берсе, өңірдің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі болады».
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік — бұл қоғамдық маңызды жобаларды жүзеге асыруға жеке инвестицияларды тарта отырып тиімді басқаруға бағытталған бағдарлама. «Игі бастаманы жалғастырып, әлеуметтік нысандардың санын арттыру қажет» — дейді депутаттар.