Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі сапасыз азық-түлік өнімдеріне бақылау жүргізу жұмыстарын арттыруды міндетіне алды, деп хабарлайды Вaq.kz
Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен азық-түлік өнімдеріне техникалық регламент талаптарының сақталуы бойынша жиналыс өтті.
Оған Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау, Инвестиция және даму министрліктері мен салалық ассоциация өкілдері қатысты.ҚР АШМ мамандары Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тарапынан азық-түлік өнімдеріне техникалық регламент талаптарына бақылаудың жеткіліксіз екенін, нәтижесінде ішкі нарықта контрафактілі тамақ өнімдерінің жаппай сатылып жатқанын атап өтті.
Белгі салынбаған жұмыртқалардың сатылуы, құс еттері мен сүт өнімдерін таңбалау ережелерінің бұзылуы мен жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарлардың сатылуы жөнінде материалдар көрсетілді.
Техникалық талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі импортталған, Қазақстанда арзан бағамен сатылып, өз кезегінде отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісіне кері әсерін тигізіп, бәсекеге қабілетсіз етеді.