Екі көліктің бірі техникалық байқаудан өтпеген. Бұған жауаптылар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен көлік инспекциясы өкілдерінің жол сақшыларымен бірлесіп ұйымдастырған рейд барысында көз жеткізді.
Көлік тізгініндегілер тіпті қолдарындағы құжаттарының жалған екенін де білмейтін болып шықты. Тұманды ауа райына қарамастан Темірлан тас жолының бойында рейд шаралары таң сәріден басталып кетті. Тәртіп сақшылары мен испекторлар жеңіл және жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын шағын автобустарды да тоқтатты.
Құжатсыз жүрген ешкім жоқ. Бірақ техникалық байқаудан өткенін растайтын қағаздары жалған болып шықты. Небәрі жарты сағат ішінде жауаптылар 9 көлікті тоқтатып, оның 5-уінің арнайы орталықтарда техникалық тексерулерден өтпегенін анықтады.
Мамандар кей жүргізушілердің көліктерін диагностикадан өткізбей-ақ, суретін телефонмен хабарлама арқылы жіберіп-ақ құжат алғандарын айтады.
Жол бойындағы жемқорлыққа тұсау салу үшін рейдке тиісті департамент өкілдері де арнайы қатыстырылды.
Тәртіп сақшылары жалған құжатпен жүрген жүргізушілерді айыппұлға тартты. Әрине жазадан көлеңкелі бизнеспен айналысып жүрген компаниялар да шет қалмайды. Инспекция мамандары жуырда осындай жалған құжатпен айналысатын 4 компанияны анықтап, ішкі істер органдарына тапсырдық дейді.