Ерекше гүлдер ұшақпен тасымалданады

1657

Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Кәсібін ашып, ісін ілгерілетемін деген адамға кедергі жоқ. Шымкенттік Майра Рашидқызының арманы да кәсібін дөңгелету болатын. Он саусағынан өнері тамған шебер жуырда «Майра» атты серіктестік ашты.

Алтынқолды шебер салтанатты шараларға, тойханаларды сәндеуге арналған декоративті гүлдер жасайды. Әу баста өз қаржысына жасап бастаған кәсіпкер ісін ілгерілету үшін жуырда «Ырыс» МКҰ-нан шикізат сатып алу үшін 1 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Ол қаржыға Ресейден гүл жасауға қажетті изолон сатып алады.

Өз қолымен әсем туындылар жасайтын шеберге жолдасы да қолдау көрсетіп отыр. Отбасылық кәсіптерін биікке көтеру үшін бүгінде тер төгіп, еңбек етіп келеді. Изолоннан жасалған гүлдермен қонақ бөлмелерді, үлкен залдарды, қонақ үйлерді, түрлі мекемелердің кіре берістерін әсемдеуге болады. Қолдан өсіргендей әдемі көрінетін гүлге деген сұраныс аз емес. Тек Шымкенттен ғана емес өзге қалалардан да тапсырыстар көптеп түседі.

Дайын болған өнімдерін ұшақпен салып жібереді. Қалада өз гүлдерін жәрмеңкелерде, дүңгіршектерде сатады. Бір аптаның ішінде оның 5-6 дана гүлі сатылып кетеді. Қарапайым тұрғындардан бастап, қонақ үй иелері де көптеп тапсырыс береді. Бағасы 5-15 мың теңге шамасында. Алдағы уақытта кәсібінің өрісін кеңейту жоспарында бар.