Мереке қарсаңында гүл сататындардың саудасы қызып тұр. Шарықтаған бағасын елеп жатқан ешкім жоқ. Ер азаматтар нәзік жандылардың көңілін табу үшін барын салуда. Есесіне, кең таңдау ұсынылған. Голландиялық қызғалдақ, раушан гүлдерден бастап, арнайы ыдыста өсірілген гүлдерге сұраныс көп.

Қаладағы гүл сататын аумақ адамға лық толы. Аяқ басып жүрудің өзі қиынға соғады. Мерекелік көңіл күй сыйлап жүргендер, шарықтап тұрған бағаны да ескеріп жатқан жоқ. Оған сауда қатарларындағы гүлдердің әсемдігі мен хош иісін қосыңыз.

Бағаларға тоқталсақ. Мереке қарсаңында гүлдердің құны едәуір өскен. Гүлдердің патшасы саналатын раушандардың бір данасы 600 бен 800 теңге аралығында, сәнді нәзік қызғалдақтардың гүлшоқтары 1200 теңгеге сатып аласыз.

Оқушылар мен студенттер сүйікті ұстаздарына гүл сыйлауға асығады. Ер азаматтардың бірі- жұбайына, енді бірі ақжаулықты аналары мен әпке қарындастарына тарту жасамақ. Барлығының мақсаты бір – нәзік жандылардың көңілін табу.

Байқағанымыз, гүлдердің бағасы өскен. Әсіресе, мереке қарсаңында бағасы шарықтап тұр. Қалтаңыз көтерсе, гүлшоқтарын айтқан мекенжайыңызға жеткізіп беруге де дайын.

Шынар Оразова