Газдың иісі шыққанын ұялы телефон арқылы білуіміз мүмкін

605

Таяу болашақта өзіміз жоқта үйде газдың иісі шыққанын ұялы телефон арқылы білуіміз мүмкін. Бұл жобаны Оңтүстік Кореяның Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық байқауында сырбойылық дарында оқушы Мағжан Бекетов қорғаған , — деп хабарлады inform.kz

Ол компьютердің көмегімен газдардың концентрациясын анықтау жобасын қорғап, бұл байқауда ІІ орын алды. Мұнан өзге Диана Валишаева Арал маңындағы тұрғындардың гематологиялық параметрлерін түзету әдістерін зерттеген. Адамдардың денсаулығына ден қойған Дианаға ІІІ орын бұйырды.

Талантты оқушылар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Бірінші орын иеленген Дінмұхаммед Ақпан үш ғасыр мәселесі болып есептелетін Риманның гипотезасын шешіп, салдарын зерттеуге тырысқан. Шешімі табылмаса да, бұл есептің қасиетін, бұрын байқалмаған қырын әлем ғалымдарының алдында дәлелдеген.

Ал Евгений Демиденко биологиялық процестердің 4Д модельдерін әзірлеп, І орын иеленді. Ол болашақта ІТ медицинаны дамытып, адамның жүйке жүйесімен байланыстырылған протез жасауды мақсат еткен.