Күнгейде тарихи құжаттардың қос бірдей кітабы жарық көрді

813

Бүгін күнгейдің бас кітапханасы — «Отырарда» қос бірдей тарихи кітаптың тұсауы кесілді. Қазақ халқының бастан өткерген уақиғалары мен Алаш арыстарының өміржолы бұл жинақта жәй емес, құжаттар арқылы айғақталған.

Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының қолдауымен жарық көрген жинақтарды алғашқылардың бірі болып  біз де оқып, танысып қайттық.

Салтанатты шараға тұрақты оқырмандармен қатар, зиялы қауым өкілдері және тарихшылар арнайы бұрылған. Себебі де белгілі. Қос бірдей кітап — «Сырдария округіндегі тәркілену науқанына қатысты құжаттар жинағы» және «Түркістан өлкесіндегі оқу-ағарту ісі» деп аталады. Бұл еңбектер кәдімгі әңгіме немесе көркем әдебиет емес, тек тарихи құжаттар тізбесі — дерек-дәйекпен, дәлелді-айғақтармен жасақталған.

«Сырдария округіндегі тәркілену науқанына қатысты құжаттар жинағы» — сонау 1928-29 жылдары аралығында жүргізілген байлардың мал-мүлкін кәмпескелеп, өздеріне жер аудару науқанын қамтыған. Кеңес одағының озбырлығы да осындағы құжат-кітапта жазылған-ды. Ал «Түркістан өлкесіндегі оқу-ағарту ісі» атты жинаққа рухани шаһардағы төте-араб әріпінде сақталған және 1864-1939 жылдардағы оқу-ағарту ісіне қатысты көнерген құжаттар кіріккен. 262 беттен құралған тарихи құнды еңбекке көршілес Ташкенттің мұрағатындағы маңызды, қоғамдағы қолжетімсіз құнды құжаттар да еніп отыр. Ал өңіріміздегі мемлекеттік архивінің өкілдері бұл жоба-жұмыс — бір емес, 10 жыл бойғы халықаралық деңгейдегі ауқымы кең ізденіс-зерттеудің жемісі екенін жеткізді.

Жыл бұрын жарық көрген тарихи жинақтар қаламыздағы бірегей баспахада басылып, бүгінде оқырманға жол тартты. Дәлірегі, әрқайсысы небәрі 150 данадан шығарылған құнды құжаттар топтамасы әзірге өңіріміздегі орталық кітапханалардың сөрелеріне үлестіріліп жатыр.