Кәсіпкерлікке кедергі келтіру тиылмай тұр

537

Бүгінде кәсіпкер болу оңай емес. Бәсекелестіктің бәсі артып тұрған шақта, нарықта ойып тұрып орныңды табудан бөлек түрлі кедергілер кесе көлденең тұрып, жұмысты жүргізуге ыңғай бермейді.

Егер кәсіпкер болып, ісімді ілгерілетем деп алдыға мақсат қойған болсаңыз онда қолдан жасалған кедергілер барын да есте ұстаған ләзім. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өткен жылы шағын және орта бизнеске кедергі келтірудің 49 заң бұзушылық дерегі анықталған.

Кәсіпкерлерді май шелпек көретін мемлекеттік қызметкерлердің дені бүгінде бас бостандықтарынан айырылған да. Алайда осындай қатаң жазалауды көре тұра айылын жиғандар аз.

Мәселен, Арыс аудандық кәсіпкерлер бөлімінің басшысы 150 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін сотты болды. Кентау қаласы әкімінің экс-орынбасары да кәсіпкерден 2 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Шымкенттік шенеуніктер де кәсіпкерлерден пара алуда алдыңғы шепте.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы сектор меңгерушісі бір кәсіп иесінен құжатын туралап беру үшін 100 мың теңге пара алып қолын былғады. Әрине заңға бағынбағандарды заң басынан сипамайды. Парақор алған парасын еселеп құсуына тура келді. Сот үкімімен 4,5 млн теңге айыппұл төлеуге мәжбүрледі.

Ал Леңгір қаласының экс- әкімі кәсіпкерлік нысан салатын жер беруге 100 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін айыпты деп танылды. Кәсіпкерліктің кең қанат жаюы үшін мемлекет тарапынан қолдау күшейіп тұрған шақта мемлекеттік қызметкерлердің қолдан кедергі келтіруі тиылмай тұр.