Қыстың салқын ауа-райында жылы үйден мүмкіндігінше шықпауға тырысатынымыз бар. Сол себепті аз қимылдаймыз. Ал көктем келгенде қимыл-қозғалысымыз бірден көбейеді. Шаршау мен әлсіздіккке душар боламыз. Иммунитетіміз нашарлап, жиі ауырып та қаламыз.
Бұған күніне сан рет құбылатын көктемгі күн райын тағы қосыңыз. Осындайда ертеде әлсіздік пен көктемде үдейтін ауруларға қарсы тұру үшін қандай ұлттық тағамдарды қолданғаны жайлы ізденіп көрдік.
Әлемде аурудың түрі көп. Тіпті олардың қатары жыл сайын артпаса, кемімейді. Осындай аурулардың көпшілігі адам ағзасының әлсіздігінен пайда болады. Сол себепті әрбір адам иммунитетін көтеріп, ағзадағы әлсіздікті жоюдың жолдарын білуі керек. Әсіресе көктем мезгілінде адам ағзасындағы иммунды жүйе жұқарып, дәрумен қоры таусылады екен. Салдарынан әлсіздік пен сырқаттар пайда болады.
Әдетте біз иммунитетімізді жеміс-жидек жеп, түрлі дәрумендерді қолдану арқылы көтереміз. Алайда, мынаны біліп жүріңіз. Мамандардың айтуынша, қыстан қалған жемістің пайдасы болмайды. Керісінше зияны көп. Көктемде жемістер мен көкеністер құрамындағы барлық пайдалы дәрумендер мен қосылыстар бұзылып, тіпті зияндары пайда болады. Сондықтан, қыстан қалған жемістердің әлсіздікті жою үшін алып келер пайдасы жоқ.
Сондай-ақ дәріханада сататын дәрумендерді қолдануға болады. Дегенмен қазақ халқының иммунді жүйені көтеретін неше түрлі тағамдары да бар. Бүгінде көпті көрген әжелері бар үйдің балалары мен немерелері ағза әлсіздігін сезіне қоймайды. Өйткені қазақ халқының ұлттық тағамдарының барлығы денсаулыққа пайдалы десек артық емес.
Соның ішінде көктем мезгілінде арнайы даярлайтын ас түрлері де болған.
Көктем мезгілінде ұлттық сусындардың тигізер пайдасы да орасан. Айран, қатық, қымыз, шалап сынды сусындарды мүмкіндігінше қолдансаңыз, әлсіздіктің алдын аласыз.
Ұлттық асханамызда әлсіздікті жоя-тын тағамдар саны көп-ақ. Бұл тек бір қатары ғана. Өз денсаулығыңызға мұқият қарап, түрлі ауырулардың алдын-алғыңыз келсе, біз ұсынған кеңестерге міндетті түрде құлақ түріңіз.
Талқан – қазақ халқының ұлттық тағамдарының бірі. Ол аса дәмді әрі құнарлы тамақ. Астың бұл түрін әсіресе балалар сүйсініп жейді. Оны кәдімгі сары майға, қаймаққа немесе шайға салып жеуге де болады.
Адам бойына күш-қуат беретін ас түрін әзірлеудің жолы мынадай. Бұл үшін қазанға аздап қойдың немесе жылқының майын жағып, шақтап ұн салып, баяу жанған отқа қойып қуырады. Ұн қызғылт тартқанша қуырып, қызыл-күрең тартқан ыстық талқанға сары май және құмшекер қосса дәмі керемет болады.
Оны майға, кілегейге, сүтке араластырып жеуге және құмшекер салып дастарқанға құрғақ күйінде қоюға да болады. Егер таңғы шайда бір кесе талқанды былғап жесеңіз, күні бойы сергек жүресіз. Есіңізде болсын, 1 кг талқанға — 200 г құм шекер, 200 г май қажет.
Адам бойына күш-қуат беріп, әлсіздік тудырмайтын, көпшілік сүйсініп жейтін ерекше тағамның бірі ол — Жент. Кейбір жерде ұлттық тағамның бұл түрін «қоспа» деп те атайды. Бұл аса кәделі дастарқан дәмі. Ол қыста қатпайтын, жазда бұзылмайтын өте дәмді тағам.
Жент былғаудың да өзіндік тәртібі бар. Бұл нағыз шеберлікті талап етеді. Ақталған тарыны келіге түйіп немесе аздап кофе тартқышқа салып, ұнтақтасаңыз да болады. Оған құмшекер, ұнтақталған ірімшік салып араластырады. Содан қазанға жылқының майын құйып ысытып, жаңағы араластырған тары мен ірімшікті салып, оттың болмашы табында қуырады. Жент майды бойына сіңірген соң ыдысқа салып, салқын жерге қояды.
Дәмін келтіру үшін қалауыңызша мейіз қоссаңыз да болады. Әдетте жентті ешкінің немесе қойдың қарнына салып сақтайды. Ол ауа өткізбейді де, жент өзінің иісін, дәмін жоймай, ерімей жақсы сақталады. Жылқы майы болмағанда сары майға былғаса да болады. Тоң майға араластыруға болмайды, ол қатып қалады да, жеуге жайсыздық тудырады.
Балқаймақ шаймен берілетін тағам түрі. Оны нанға жағып жеуге әбден болады. Шұңғылдау ыдысқа шикі қаймақ (кілегей) құйылады. Ол баяу жанып жатқан отқа қойылып, бетіне майы шыққанша араластыра отырып пісіріледі. Әбден қайнаған кезде үстіне құмшекер себіледі, бал салынып, ұн қосылады. Содан кейін араластырып, тағы да 8-10 минут көлемінде қайнатады.
Дайын болған қоспаны ыдысқа аударып, дастарқанға әкеле беруге болады. 1 стакан қаймаққа 2 шай қасық бал немесе 1 ас қасық құмшекер 1шай қасық бидай ұны керек.
Бөкпені ақтаған тары сүтке бөрттіріп дайындайды. Кілегейі алынбаған шикі сүтке ақталған тары салып, түбі қарылмайтындай етіп жайлап қайнатады. Сүт суала бастағанда үстіне сары май салып, аздап құмшекер сеуіп, оттың табына бөктіреді. Сүт әбден суалып болғанша тары да піседі.
Бабымен піскен бөкпенің беті қабыршақтанып, бауырдай дірілдеп тұрады. Бойына сүт пен майды сіңіріп былбырап піскен бөкпенің дәмін айтып жеткізе алмайсың. Бұл үй ішінің күнделікті тағамы ғана емес, сонымен бірге сыйлы қонақтарға тартуға жарарлық кәделі ас. Бөкпегеге керек заттар: сүт, тары, сарымай, құмшекер.