«Көшпенділер ойыны» ұйымдастырылды

1007

Ұлыстың ұлы күнін әрдайым сән-салтанатымен атап өтетін төлебиліктер биыл да айтулы мерекені жоғары деңгейде ұйымдастырды. Наурыз мерекесінде Төле би ауданының әкімі бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, алғаш басқан қадамдарына сәттілік тіледі.

Жаңарудың, жаңғырудың мерекесіне орай «Көшпенділер ойыны» ұйымдастырылды. Оған 16 команда қатысты. Білекті де жүректі жігіттер өздерінің мықтылықтарын сынға салды. Арқан тартыс, асық ату, ләңгі, гір тасын көтеру, күш сынасудан сынға түсті.
Кіл мықтының ішінен кім мықты екенін анықтау да оңайға түскен жоқ. Құрыш білекті спортшылар осылайша ұлттық ойындардың көрігін қыздырды.

Сондай-ақ, қошқар көтеру сайысы өтті. Сайыс ережесі бойынша қошқарды иыққа салған азамат бір орында отырып-тұрып мойындағы жүгін барынша көбірек көтеру керек. Қошқар ең көп көтерген жеңімпаздың жетегінде кетеді. Сондықтан болар аламанға қатысушылар саны да көп болып, тартысты өтті. Қымызды көп ішуден де арнайы сайыс ұйымдастырылды.