Кітап фестивалі өтті

1429

Апталықтар, арнайы акциялар ұйымдастырылғанымен кітап фестивалі дегенді естігенсіз бе? Мұндай игі шара күнгейден бастау алды.

Наурыз мерекесінің аясында көптеген игі дәстүрлер жалғасын табуда. Руханият әлемінің тізгіншісі кітапханалар да айтулы мейрамға өз үлестерін қосты. Абай саябағында облыстық ғылыми-әмбебап «Отырар» кітапxанасы және А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапxана, облыстық жасөспірімдер кітапxанасы, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапxанасы мен облыстық арнайы кітапxанасы, сондай-ақ, Абай атындағы қалалық кітапxанасының ұйымдастыруымен «Өнерлі елдің кітабы көп болады» атты кітап фестивалі өтті.

Фестиваль барысында кітап көрмелері жасақталып, ұлттық ойындар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Жастарға көңілі толмайтын аға буын бұл күні көңілтолмаушылықтарын қайтып алғандай. Кітапсүйер жасөскіндер өздерінің оқыған кітаптарынан үзінділер оқып, жиналғандарды тәнті етті. Осы шара кітапқұмарлардың көп екендігін паш еткендей болды.

Тіпті отбасы болып кітапхананың тұрақты оқырманына айналғандар да көп екеніне көз жетті. Ал кітапханашылар бұл күні бар өнерлерін салып, ән де айтты, би де биледі. Ұлттық салт дәстүрлерімізді насихаттады да. Өзге өнерпаздарды жалдап шашылған жоқ. Бесаспап дерсіз өздерін. Оқырмандарға қызмет көрсетуден бөлек жан жақты екендіктерін осы жолы мойындатты. Руханият әлемінің қызметкерлері өз салаларының насихатын аспандатып тастады осылайша.

Г.Жұмаш