Әр күніміз әлеуметтік желіге байлаулы. Бос уақытымызда кітап оқуға емес, телефонға үңіліп, әлеуметтік желілерді шарлап кететініміз белгілі. Осындайда кітапқа деген құштарлығын сақтап қалған замандастарымыз да бар. Сондықтан да кітапқа деген ынтаны жоғалтып алмау мен кітап таңдағанда неге мән беру керегін, электронды құрылғылар арқылы кітап оқығанда нені ескеру керегін білу үшін кітапсүйер Райхан Әкімбаевамен әңгімелестік.
Райхан Әкімбаеваның кітаппен достығы 8 жасынан басталған. Әлі күнге дейін кітап оқуды жаны сүйеді. Әлеуметтік желіге әуесі кетсе де кітаппен қош айтыспаған. «Өйткені, кітаптың берер рухани азығын басқа жақтан таппадым» деген кейіпкеріміз осы күнге дейін оқыған кітабының санынан өзі жаңылады. Қазақ авторларымен қатар әлемге белгілі көптеген жазушылардың шығармаларын да оқитын ол: «оқыған кітап саны емес, сол кітаптың қайсысын түсінген – маңызды» дегенді айтады. Ал өмірінде кітап бетін ашпаған кісі үшін мынадай кеңес береді.
«Кітап оқымаған адам үшін бірінші кезекте көлемді романдардан оқыған дұрыс емес. Бұрын-соңды кітап оқымаған болсаңыз, ешқашан ауыр романдардан бастамаңыз. Кітап оқуды қысқа әңгіме оқудан бастау керек. Ондай әңгімелердің тілі де түсінікті болады. Кез-келген іс 21 күннен кейін әдетке айналады. Адам күнде бірнеше сөйлем болсын оқыса, бұл біртіндеп әдетке айналары сөзсіз. Кітап оқуға деген сүйіспеншілік осындайдан басталады. Менің кітап оқуға деген құлшынысым шағын хикаяларды оқудан оянды. Солай өзімді үйреттім», — дейді Райхан.
Осы тұста әлеуметтік желінің адам біткенді өзіне елітіп қойған кезінде кітап оқуға деген құлшынысын сақтап қалу құпиясын да сұрадық.
Айтуынша кітапқа деген сүйіспеншілігі басым адамдар ешқашан кітап оқуды тастап кете алмайды екен. Керісінше кітап оқуға деген құштарлығы бұрынғыдан да күшейіпті.
Райханның назарын кітап мұқабасы да өзіне тартады. Кей кітаптарды сыртқы әсемдігі мен парағының сапасына және қарпіне қарап-ақ сатып алатынын айтқан ол: «Әдемі мұқабасы, сапалы парақтары мен шрифті адамға эстетикалық ләззат сыйлайды. Бұл мидың нейробиологиялық ерекшеліктеріне байланысты», — дейді.
Бірақ, сан алуан кітаптың арасынан өзіне керегін таңдай білу де қиын. Бұл да үлкен білімді қажет етеді. Кітап оқу — бір басқа, таңдап-талғап оқу — бір басқа. Мұндайда адам өзіне жақын жанрдағы кітаптарға мән беруі керек. Бұл үшін кез келген оқырман өз қызығушылығын оятатын жанрларды анықтап алуы қажет. Кітап таңдауда әлеуметтік желілердегі посттардың да көмегі тиеді.
«Қазір барлық кітап жайлы ақпарлар әлеуметтік желіде толып тұр. Сондай жазбаларды оқыңыз. Егер оқуға тұрарлық кітап болса, міндетті түрде талқылаушылары да көп болады. Жазбаның астында оң көзқарасты пікірлер басым болса, демек сіз ол кітапты оқғыныңызға өкінбейсіз. Ескеретін тағы бір жайт, кітап авторына да мән берген дұрыс. Оның қандай тақырыпты арқау етіп алғанын да бір сәт ой елегінен өткізгеніңіз абзал. Тақырып оқырманның жан-дүниесіне сай келе ме, жоқ па? Соған да қарау керек. Өйткені кез келген адамның өзіне сай стилі мен көзқарасы болады» деген кейіпкеріміз өзі оқыған кітаптары туралы баяндайтын видеоблоггерлердің кеңесіне де жүгінудің тиімді екенін айтып өтті.
Райхан белгілі журналист, блогер Марфуға Шапиянның түсіретін видеоларын міндетті түрде қарайды екен. Өйткені Марфуғаның жоғары талғамына сенеді. Және мұндай кітапсүйерлер көп-ақ.
«Оның ұсынған кітаптарын мейілінше оқуға тырысамын. Өйткені ол бір кітапты оқырмандарына ұсынса, өте әсерлі етіп жеткізеді. Шынайы жеткізетіні соншалық, сол кітапты дереу алып оқығың келіп тұрады. Сосын ТМД-ға белгілі Марина Шарипованың да кітап туралы пікірлерін, влогтарын үзбей көремін. Кітап туралы объективті баға бере алатыны ұнайды. Ол — «I book you» кітап сүйерлер клубын қалаушы. Айна Досқызының да кітап туралы пікірлерін түртіп отырамын. Ютубта Людмила Личидің влогының тұрақты көрерменімін. Оны оқыған кітаптары саны жағынан қуып жету мүмкін емес.
Алайда кітап туралы майын тамызып айтқанда, оқымасаң да кітап оқуды сүйіп кетесің. Сосын ютубта «Simply bookish» каналын жүргізетін Айша есімді ару бар. Эрудициясы мен сұлулығы ерекше үйлескен бұл қыздың да видеолары кітап оқуға көп мотивация береді. Шетелдік авторлардың кітаптарын онлайн royallib.com, tululu.org, litres.ru сайттарынан жүктеймін, ал қазақша электронды кітаптарды kitap.kz, adeportal.kz сайттарынан оқимын»,-дейді Райхан.
Бүгінде кітапты электронды құрылғылар, атап айтқанда ридер арқылы оқитындар да көп. Райхан да кезінде сондай оқу түріне ауысқан екен. Сондықтан да экраннан оқудың көзге тигізер зияны туралы сауалымызға да жауап берді. «Электронды кітаптың бір артықшылығы – оның салмағында.
Қағаз кітап ауыр келеді. Оны көтеріп жүру кейбіреулер үшін қолайсыздық туғызады, ал ридердің габариті кез келген қалта мен сөмкеге салып жүруге ыңғайлы. Соңғы кезде ридерлерді дисплейі e-link технологиясымен жасап шығарды. Бұл деген көзге салмақ түсірмейді, көздің көруі нашарламайды. Бастапқыда бұрыннан қағаз кітапты оқып үйреніп қалған адамға бұл қиын тиері сөзсіз.
Әйткенмен, технология озып кетті дегеннің өзінде де әлі күнге дейін қағаз кітап өлмеді. Электронды кітапқа қарағанда қағаз кітапты оқу әлдеқайда әсерлі. Ғалымдардың айтуынша, қағаз кітапты парақтаудың өзі ерекше ләззат сыйлайды. Қағаз түрінде оқыған нәрселер мида анық және тез жатталып қалады», — дейді кітапсүйер қыз.
Қазір кітап оқитын жастар көбейіп келеді. Тіпті бір аптада бір кітап оқып тауысатындар да бар. Алайда көп жастың табысы не шәкіртақысы өздерінің жүріп-тұруынан аспайды. Сондықтан да кітап сатып ала алмайды. Қазір кітап бағасы да қымбат. Кітап сататын дүкендер де аз. Осындайда әркім өзі оқыған кітабын басқамен алмасатын «Буккроссинг» акциясының берер көмегі зор.
«Бұл да жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, қолжетімді ету үшін таптырмас мүмкіндік» деген Райхан бұл акцияны тек мектепте ғана емес, барлық ортада ұйымдастыруды ұсынады.
Мазмұнды әңгімесімен мені өзіне баураған Райхан Әкімбаева сөз соңында кітапқа ынтызар болуға қатысты өз тәжірибесімен бөлісті. Ол — аптасына бір кітап тауысу. Күнде кітап оқуға міндетті түрде уақыт бөлу. Кітап туралы жазылған рецензияларды да жиі оқу. Бұл кітап оқуға деген құштарлықты оятады.
Сосын кітапсүйгіштердің клубына мүше болған жөн. Және бір айтары:
Кітап оқығанда жарыққа да мән беріңіз, кітаптан соң көзіңіз бен басыңыз ауырмасын. Қандай кітап оқу керектігі туралы қысылмай сұраңыз. Ал, ұнамаған кітапты жауып қоя салу керек.
Жанерке ХУМАР