«Мәңгілік ел» киіз үйі бас жүлдені иеленді

1114

Шардаралықтар биылғы Наурыз мерекесін жаңа сипатта атап өтті. Наурыз мерекесін тойлардан бір күн бұрын кешке аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Алтыбақан аясында» атты жастардың ойын-сауық кеші өткізілді.

Сахна үстінде ауданның өнерпаздары ән шырқап, «Қоссейіт» жалпы орта мектебінің ұжымы халқымыздың «Ұрын келу» дәстүрінен сахналанған көрініс қойды. Мұнан басқа да, «Селт еткізер», «Ұйқыашар» көріністері сахналанып, «Ақсүйек» ойыны ойналды.

Наурыз тойы таңертең қаладағы ескі әуежай алаңында тойланды. Биылғы Наурыз тойдағы басты ерекшелік – алаңға тігілген ақшаңқан үйлер «Мәңгілік ел», «Шежіре», «Руханият», «Берекелі», «Болашақ», «Ынтымақ», «Ырысты» ауылдары деп аталғанының өзі ерекше жарасып тұрды.

 

Ұлыстың Ұлы күні ең алдымен қайырымдылық шараларымен басталды. «Шардара коммуналсервис» мекемесінің басшысы Құрманғазы Әкпаров пен жеке кәсіпкер Есенбек Қахановтың демеушілігімен тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызілікті қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мерекелік дастархан жайылып, ас берілді. Дастархан үстінде аудан әкімі Болатбек Қыстауов пен аудандық мәслихат хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев сөз алып, әз Наурыз мерекесімен құттықтады.

 

 

Тойға келген аудан тұрғындары мен басқа да қонақтар қаз-қатар тігілген киіз үйлер мен қала мектептері ұйымдастырған көрмелерді, қаладағы балабақша ұжымының қуыршақ театрын, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған ұлттық спорт түрлерін тұшына тамашалады.

Мұнан кейін арнайы комиссияның шешімімен киіз үйлерді ұлттық нақышта безендіргендері үшін жүлделі орындар берілген мекеме-ұжымдарды марапаттау рәсімі болды.

Аудандық ветеринария, кәсіпкерлік бөлімдері мен Сүткент, Қызылқұм ауылдық округтері бірлесіп тіккен «Шежіре», аудандық экономика және қаржы бөлімі мен Көксу, Қоссейіт ауылдық округтері бірлесіп тіккен «Ынтымақ», аудандық ішкі саясат пен Алатау батыр, Ұзын ата ауылдық округтері бірлесіп тіккен «Ырысты», аудандық тұрғы үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары жолдары бөлімі мен Достық, Ақшеңгелді ауылдық округтері бірлесіп тіккен «Руханият», қала әкімі аппараты мен қаладағы балабақшалар ұжымы бірлесіп тіккен «Болашақ», Шардара орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі тіккен «Орманшылар» үйлері ынталандыру сыйлығын иеленсе, «Қазсушар» мекемесінің Шардара өндірістік бөлімшесі тіккен үй мен жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаевтың балық өңдеу зауыты тіккен екі үйге ІІІ орын берілді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Қ.Тұрысбеков, Жаушықұм ауылдық округтері бірлесіп тіккен «Берекелі» киіз үйі ІІ орынға лайық деп танылса, «Шардара су электр стансасы» АҚ-ы тіккен үй І орынды иеленді. Ал, барлық талапқа сай безендірілген аудандық білім бөлімінің «Мәңгілік ел» деп аталатын киіз үйі бас жүлдені жеңіп алды. Аудан әкімі Болатбек Дүйсенбекұлы мекеме басшыларына «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтарды салтанатты түрде табыс етті.

Мерекенің мерейін аудан өнерпаздарымен бірге аты әлемге танымал әнші Мөлдір Бақытжанқызы, Шымкент қаласынан келген Нұрайым Жайлаубек сынды әншілер асырды.

Наурыз той соңы аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған ұлттық ат спорты ойындарына ұласты.