Мақтаарал ауданының әкімі «Көктем шуағы» кездесуін өткізді

660

Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Мақтарал ауданының әкімі Ғ.Исмаиловтың түрлі салада жетістікке жеткен жас қыз-келіншектермен «Көктем шуағы» атты салтанатты кездесу кеші өтті.

«Өмірдің гүлі, өмірдің нұры да – өздеріңіз. Көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі Сіздерге арналғаны да бұл сөзіміздің айқын дәлелі болмақ. Жер-дүние жаңарып, табиғат оянатын көктемнің өмірдің мәні мен сәні саналатын сіздердің мерекелеріңізден басталатыны тегіннен тегін емес» — деген Мақтарал ауданының әкімі Ғ.Исмаилов Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 3 күн бұрын жария еткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі туралы айтып өтті.

«Елбасымыз үндеуінде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруге, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсартуға тапсырма беруде. Егер, байқасаңыздар, мұның бәрі де жастарымызға жасалып жатқан үлкен көмек!» — деді аудан басшысы.

«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкері Гүлмира Ибрагим сөз сөйлеп, жастарға қолдау көрсетіп, үнемі демеп жүретін аудан басшысына өз алғысын айтты. Мақтарал АІІБ уақытша ұстау изоляторының полицейі, өзі жас болсада полиция қызметкерлері арасында беделді, қоғамдық тәртіпті сақтауда, әсіресе жастар арасында құқық бұзушылықтын алдын алу бойынша бір шама жұмыстар атқарған Балжан Толыбаева жастардың арасындағы құқық бұзушылық жылдан жылға азайып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде мемлекет тарапынан жастардың жұмыс жасап, өсіп-өркендеуіне барлық жағдай жасалған. Мәселен, мен көп балалы анамын, оларды балабақшаға беріп, өзім алаңсыз жұмыс істеп жүрмін. Бұдан артық не керек?» — деді №8 Н.Оңдасынов атындағы ЖОМ-де өткен Аналар арасындағы байкауда «Аяулы ана» номинациясының жеңімпазы Ардақ Юсупова. Ал, облыстық «Арай-2018» жас эстрада әншілері және мәдени іс-шара жүргізушілері байқауында жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін «Көрермен көзайымы» арнайы жүлдесімен марапатталған Малика Қалдыбай бүгінде жастарға арналған жобаларды әлі де болса көбейту керек екендігін айтты.

Айта кетейік, аудан әкімімен болған кездесу кешіне білім, өнер, спорт, мәдениет т.б. салаларда үлкен жетістіктерге жеткен мақтаралдық қыз-келіншектер қатысып отыр.

Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі