Мақтаралдықтар Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. «Қош келдің, әз Наурыз!» деген атпен өткен іс-шараға жүздеген өнерпаздар, он мыңдаған аудан тұрғындары қатысты. Жетісай қаласының орталық саябағы мен орталық алаңына лық толған халық ұлық мерекені осылайша үлкен қуаныш және ерекше ықыласпен қарсы алды.
Іс-шара аясында саябақтын ішінде 10-нан астам киіз үй тігіліп, алтыбақандар мен салт-дәстүрлерді паш ететін арнайы шағын сахналар, ұлттық ойындарға арналған алаңшалар орналастырылған. Наурыз мейрамына жиналған қауым қолөнер шеберлері мен ұлттық тағамдардың көрмесін тамашалады. Наурыз көже, палау т.б. тағамдар тегін таратылып, тұрғындардың мерекелік көңіл-күйде болуы үшін барлық жағдай жасалды.
Салтанатты шараның шымылдығы ауданның жез таңдай әншілерінің «әз Наурыз» туралы әндерімен басталды.
Өзіне жар іздеген ханшайым және жар болуға үміткер жігіттердің өнерлерін тамашалауды ұйымдастырып отырған тазша баланың қойылымы арқылы концерттік бағдарлама өрбіп, концерттік кеш көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Сахна төріне аудан әкімі Ғ.Исмаилов көтеріліп, аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
«Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз әз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған. Олай болса, айтулы мереке баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын!» — деп, аудан басшысы тұрғындарға деген ыстық лебізін жеткізді.
Іс-шара барысында көрші Өзбекстан елінің Сырдария облысына қарасты Сырдария және Мырзашөл аудандарынан келген делегация құрамы таныстырылып, қонақтарға сөз кезегі берілді. Өз кезегінде делегация құрамы елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биыл «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» деп тануы — екі туысқан елдің арасын бұдан да жақындастырып, көрші елдердің алыс-берісін арттырып жатқанын атап өтті. «Қонақжай қазақ халқына, бізді жылы лебізбен қарсы алған Мақтарал ауданына және оның әкіміне өз алғысымды білдіремін!» — деді делегацияның өкілдері.
Шетелден келген қонақтардың сөзінен соң аудандық әжелер алқасының ұйымдастыруымен қазақтың салт-дәстүрлері насихатталып, тұсау кесер дәстүрінен көрініс көрсетілді. Аудан әкімі Ғ.Исмаилов рәсімге қатысып, тәй-тәй басқан бөбектің тұсауын кесті. Мұнан соң аудан басшысы және шетелдік қонақтар киіз үйлерді аралап, мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындар тарапынан дайындалған наурыз көжеден дәм татты.
Айта кетейік, қыс бойы жұмысын тоқтатып, тіршіліктің жаңаратын күнінде қайта ашылған орталық саябақтың ішіндегі «Қиял әлемі» балаларға үлкен қуаныш сыйлады. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ұлттық спорт — салауатты өмір бастауы» атты ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда қошқар көтеру, арқан тарту, ләңгі тебуден сайыстар өткізілді.
Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі