«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп интернатының басшысы Зүлфия Сәлі:
— «Үміт» мектебінде 200 бала тәрбиеленеді екен. Өзіңіз басқарып отырған мектеп жайлы айтып өтсеңіз…
— Мектеп интернатымызда арнайы Сенсорлы бөлме бар. Оны «Самұрық Қазына» қоры балаларды оңалту әлеуметтендіру орталығымен біріге отырып бізге жасап берді. Тек бізге ғана емес еліміздегі ерекше білім беруді қажет ететін мектеп интернаттардың барлығына жасап берді. Бұл балаларға өте қажет. Өйткені олар сенсорлы бөлмеге кірген кезде өздерін еркін сезінеді. Ерекше білімді қажет ететін болғандықтан олар ішкі жан дүниесіндегі жәйді шығарады, өзімен өзі оңаша қалып, демалады. Ол жерде дефектолог, психолог жұмыс істейді. Барлық құралдардың балаларға көрсетер көмегі көп. Әсіресе құрғақ хауыз өте қажетті дүние. Қандай әсерде болатындарын сұрағанымда оқушылар керемет демалып қаламыз дейді. Тек балалар ғана емес мұғалімдерімізге де, тәрбиешілерімізге де ұнайды. Одан бөлек мектебімізде балалардың саусақ ұштарымен жұмыс істейтін тактильді тақталар бар, ой өрістерін дамытуға күш беретін үйшік лабиринт бар. Балалар үйшіктің ішінде қандай зат бар екенін қолымен ұстап, сезініп айтады. Бізде үлкейтіп көрсететін лупалар, электронды лупалар, Брайль жүйесімен оқитын құралдар бар. Балаларға керекті екі құрылғы бар. Оқушылар кітапханаға барған кезде құрылғы қазақша, орысша оқиды. Мектебімізде 48 зағип бала бар. Соларға көрсетер көмегі көп.
— Кей балалар машинкамен жұмыс істейді, енді біреулер қағазбен жұмыс істеп отыр. Құралдар жетіспей ме?
— Бізге жазатын машинка жетіспейді. 10-15 машинкамыз бар еді. Оның бәрі ескірді. Бүгінде 8-і ғана қалды. Сұраныс хат жаздық, қаржы бөлінді. Алдағы уақытта машинкалар әкелінбек.
— Мектептеріңіз тек білім беріп қана қоймай балалардың көз кемістігін түзету мақсатында жұмыс атқарады ма?
— Мектебімізде білім мен тәрбиеден бөлек түзету пәндері өткізіледі. Кеңістікке бағдар деп аталатын арнайы бағдарлама бар, сол арқылы кеңістікте қалай жүруі керек соған бағдар беріп, үйретеді. Үлкен сауда орталықтарына апарамыз, эскалатормен қалай жүру керектігін үйретеміз. Театрларға да апарып тұрамыз. Тіл мүкістігін түзейтін дефектолог мамандарымыз бар. Әлеуметтік бағдар, тұрмыстық бағдар атты сабағымыз бар. Балаларға үй жағдайында тамақ істеу, дастархан жасауды бәрін үйретеміз. Арнайы пәндер арқылы көз кемістігі бар балалардың қазіргі күйін сақтап қаламыз, ал зағип балаларымызға бағыт бағдармен қатар, тәлім тәрбие, білім береміз.