Мектептегі келеңсіздіктердің көбеюіне кім кінәлі?

850

Мектептегі әлімжеттік, зорлық-зомбылық… өзге де келеңсіздіктердің көбеюіне негізгі себеп — мектеп инспекторларының жеткіліксіздігі. Яғни, аудандардағы 30 мыңға жуық оқушының тәлім-тәртібі үшін — небәрі 3 инспектор бекітіліп, жұмыс жасайды.

Салдарынан, ішкі істер бөліміне тіркелген «қиын балалар» саны кемімей отыр. Ауқымды мәселе Ордабасы ауданында, білім бөлімінің басшылығы мен педагогтар қауымы және ата-аналармен өткен кеңейтілген кезекті отырыста көтерілді. Темірлан ғана емес, Ордабасы ауданындағы барша ата-аналар мен мектеп ұжымы, құзырлы орган өкілдері және жергілікті билік қатысқан жиын бұл жолы айғақ-дәлелдемелерді ашық, бүкпесіз айтудан басталды. Әдетте жаттанды сандық көрсеткіштерді көптің алдында қағаздан бас алмай, мүдірмей оқумен шектелетін мамандар, бұл басқосуда талай «былықтың» бетін ашты.

Сөздеріне сенсек, жыл сайын аудандағы мектеп оқушылары — жасөспірімдердің қатысумен орын алатын құқықбұзушылық пен қылмыс саны артпады делінгенімен, кеміген де жоқ. Жиналыс қатысушылары мұның себебін іздеп, пікір-ойы да екіге бөлінді. Ал аға буын ақсақалдар мәселенің мән-жайын, төркінін тап басып айтудан қашпады. Нұриддин Асанханұлы, ата-ана: «Тұрмыстық жағдайда байланысты, отбасыдағы әкелер көбіне далада, қызметте жүреді. Сонымен бала тәрбиесі анасына жүктеледі. Айтайын дегенім, қоғамдағы көптеген проблемалар, оқушылардың кереғар қылықтар жасап, қылмысқа да баруы — әке тәрбиесінің жүгенсіздігі дер едім. Жанұяда әке тәрбиесінің орны зор! Сондай-ақ, мектепте де солай. Яғни, педагогтардың басым бөлігі — әйелдер қауымы. Ер мұғалімдердің санын арттыру қажет!»

Қалжан Бейісбек, ата-ана: «Менің 10 немерем мектепте оқиды, сондықтан педагогтарға айтар өтінішім бар. Білім бергенде, тек оқытумен ғана шектелмей, тәрбие жөніне де назар аударып, бірауық Сіздер де түсіндіріп, оң мен солды танытсаңыздар екен. Әсіресе, тәрбие жөніндегі мұғалімдер осы бір дүниеге көңіл бөлсе, нұр үстіне — нұр болар еді».

Бүгінде бір ғана Ордабасы ауданында, жыл басынан бері, 3 айдың өзінде — 9 оқушының қылмыс пен құқықбұзушылыққа қатысы бары анықталып, ішкі істер бөліміне есепке алыныпты. Және бұл үшін ата-аналарына да заң жүзінде шара көрілген. Мектепішілік тәртіпке бағынбай, сабақтан қалушы шәкірттердің саны да көңіл көншітпейді.

Осы және өзге де тәртіп мәселесінің тыйылып, түйткілдің тарқауы үшін аудандағы мектептерде бір емес, 67 психолог маман қызмет етеді. Ал Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева, мектептегі келеңсіздік тердің көбеюіне негізгі себеп — тиісті мамандардың жеткіліксіздігі екенін жасырған жоқ.Шұға Нұрабаева, Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы: «Мектептерде бүгінгі таңда психологтар жеткілікті, әрбір білім ұясына — 2 психологтан берілген. Бірақ біздің қазіргі қиналып жатқанымыз — инспекторлар жетіспейді. Әрбір мектепке бір-бір инспектордан болып, оқушылармен етене жұмыс жасаса екен деген тілегіміз бар.

Себебі, қанша дегенімен мұғалімнің аты-мұғалім, инпектор — құқық қорғау саласының өкілі болған соң, оқушыларға деген түсіндірме жұмыстары, өзге де бағыт-бағдары ерекше болады ғой». Яғни, қазіргі уақытта аудандағы барлығы 65 мектептегі 29 420 оқушының тәртіп-тәлімін қадағалап-құнттау үшін небәрі 3 инспектор жұмыс жасайды екен.

Педагогтар қауымы, егер бұл мәселе шешімін таппаса, мектептегі қылмыс пен құқықбұзушылықтың саны еселейтінін ескертеді. Ал Ордабасы аудандық әкімдігі, білім бөлімінің басшылығы мен педагогтар қауымы және ата-аналармен өрбитін кеңейтілген кезекті осындай отырыс алдағы аптада жалғасын таппақ. Осында көтерілген мәселелердің қорытындысы тыңдалатын болады.