Аймақтық үйлестіру кеңесі «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылыс» бағдарламасы бойынша «Ақмойнақ ТРО» ЖШС жеке құрылыс компаниясының 1875 ш.м. болатын нысанының жобасын мақұлдады.
Көп пәтерлі «Ақмойнақ ТРО» ЖШС-нің нысан құрылысына «АҚ Qazkom» жылдың басында несие желісін мақұлдаған болатын. Несиенің 7% пайыздық мөлшерін «Даму» қоры субсидиялайды. Салынып жатқан нысан Шымкент қаласы әкімшілік орталығының жақын Тұран шағынауданында бой көтермек.
18 пәтерлі 3 бөлмелі тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай салынатын болады. Пәтерлердің орташа алаңы 104,16 шаршы метрді құрайды. Ал пәтердің шаршы метрі 220 мың теңгені құрамақ.
Бар жағдайы жасалған керемет пәтерлерді «Құрылыс Жинақ Банкі» АҚ немесе тікелей құрылыс салушы арқылы алуға болады. Тұрғын үй кешені биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек.