Наурыз айтысы ақындарды неге жабырқатты?

2447

Бүгін Шымкентте, «Түркістан» сарайының төрінде республикалық Наурыз айтысы өтті. «Наурыз көктем-Шымқала» тақырыбы аясында өрбіген сайысқа әдеттегідей тарихи тұлғалар немесе өзге де өнер саласы саңлақтарының есімі мен еңбегі арқау болған жоқ.

Бұл жолы ақындарға Оңтүстік өңірі, Шырайлы Шымқаланы мадақтау, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын және әлеуметтік-экономикалық бес бастамасын негізге ала отырып, кеңінен насихаттау мақсаты қойылды. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, әзілмен сөз қағыстыру  да жыр бәсекесінің басты ережесіне енді. Бір айналымнан құралған айтысқа қатысушы әрбір жұпқа 20-25 минут уақыт берілді.

Жыр додасына елімізге белгілі айтыскер ақындар (14 айтыскер, 7 жұп) —  Бекарыс Шойбеков (ОҚО) пен Сырым Әуезхан (Алматы облысы), Анар Жаппарқұл (ОҚО) мен Әсет Дүйсебаев (Тараз қаласы), Талғат Мықи (Батыс Қазақстан облысы) мен Сара Тоқтамысова (Талдықорған облысы), Мұрадым Мирланов (Батыс Қазақстан облысы) пен Жарқынбек Наушабеков (ОҚО), Балғынбек Имашов (Астана қаласы) пен Нұрлан Есенқұлов (ОҚО), Жандарбек Бұлғақов (Астана қаласы) пен Данияр Алдаберген (Ақтөбе облысы), Айнұр Тұрсынбаева (Астана қаласы) мен Қажымұқан Абзалов (ОҚО) қатысты.

Биыл 12-ші рет ұйымдастырылған дәстүрлі жыр-айтыста ақындардың қабілет-қауқарын, ұтымды өлең-сөздерін бақылап, бағалап-таразылайтын қазылар алқасы болған жоқ. Және жүлделі орындар да тағайындалмайды екен. Достық ұранымен тәмамдалмақ. Ал ұйымдастырушы тарап — Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұловтың айтуынша, қатысушы ақындардың ешқайсысына қаржылай сый-таралғы қарастырылмаған. Тіпті «Түркістан» сарайындағы 1 304 орын үшін де сатылған билеттер ақшасының кімнің қалтасына түсіп, қайда жұмсалатыны да белгісіз.

«Биыл ақындардың ешқайсысына ақшалай немесе өзге де заттай сый-тарту берілмейді. Тақырыптық айтыс болған соң шығар деп ойлаймын, жүлдеқоры жоқ! Ал билеттердің қаншауы өтіп, қаншауы өтпегенін, тіпті құнын да білмеймін. Түскен қаржының жұмсалу жолынан да бейхабармын. Себебі биылғы «Наурыз» айтысын ұйымдастыру үшін мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өтіп, Алматыдағы бір мердігер компания жеңіске жеткен. Сондықтан, осы айтысқа қай ақынның шақырылып, кімдердің шеттетілгенін де бейхабармын», — Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұлов бізге осындай мәлімдеме жасады.

Ақындарды бұл ғана емес, айтулы жыр бәсекесіне ел арасында  жүргізілуі тиіс жарнаманың жоқтығы жабырқатты. Ақындар өз кезегінде «Өтті-кетті», — деген көзбояушылық қадам халқымыздың төл өнеріне жасалған қиянат екенін де екшеп, ашына айтты.

Сара Тоқтамысова, ақын: «Жыл сайын наурыз айы келісімен, қуанып, бір марқайып, тіпті Оңтүстікке келетінімізді жоспарлап отырамыз. Күнгейге бүйрегіміз бұрып, айтысты асыға күтетініміз тағы бар. Себебі, бұл айтыс — дәстүрге айналған. Бірақ биылғы Наурыз айтысының үлкен әттеген-айы болып отыр. Жарнамасы аз жүргізілгендіктен, халық та өте аз жиналыпты. Жағдай бізге де әсер етті. Қаншама халық көруі керек еді бұл айтысты, азулы ақындардың жырына шөліркеген тұрғындар осы жыр додасын жыл сайын асыға, сарыла күтетіні де жасырын емес қой! Айтыс — Халық үшін! Сондықтан, Наурыз айтысы өз деңгейін жоғалтпаса екен деген тілек, ниет бар бізде!»

«Ақындарға алғысымыз шексіз! Бекарыс пен Сырымның қалжыңға толы айтысына тәнті болып отырмыз! Бекарыс әлі де өз бабында екенін көріп, мәз-мейрам болып қалдық! Сараның да өзіндік дауысы, ақындық қолтаңбасына мен ғана емес, барша айтыссүйер қауым разымыз! Бірақ Наурыз айтысына келіп, бізге мерекелік әсер сыйлаған айтыскерлерге неге сый-тарту тапсырмады екен?! Жә, биыл жүлде бермесе де, анау биліктегілер — әкімдер мен орынбасарлары келіп, осындайда төбе көрсетіп қойса ғой, шіркін! Келмеді… Біз деп келген ақындарға алғыс хат тапсырып, алғыстарын жаудырса, жарасар еді ғой?!», — дейді қария Еркінбай Шымырбеков.

Айтыс барысында 7 жұптан соң, «Құлманбет айтыс» өнері көрерменнің назарына ұсынылды.