Наурыз аруы анықталды

1163

Созақ ауданының құрылғанына биыл 90 жыл толады. Соған орай ауданда түрлі іс шаралар ұйымдастырылуда. Күні кеше Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Наурыз аруы – 2018» байқауы өтті.

Ақылына көркі сай аруды анықтау үшін байқаудың шарттары нақтыланған болатын. Байқауға қатысушылар он саусағынан өнері саулаған, дәмі тіл үйірер тағам әзірлеп, өзінің қазақ қызына тән ибалы мінезімен, сөз тапқырлығымен талайларды тәнті етті. Байқауға әр ауылдық округтер мен кенттерден, мекемелерден, мектептерден 16 үміткер қатысып 4 шарт бойынша бақ сынады.

Ең алдымен «Сәлем-сөздің атасы» атты сәлемдесу турында, өзін-өзі таныстыру бойынша өтті. Өз өнерін ортаға салғандар бірі би билеп, бірі көркем сөз оқып, бұл қнерден де құралақан емес екендіктерін байқатты. Наурыз мерекесіне орай түрлі дәм әзірлеп, әділқазылар назарына ұсынды.

 

Бірінен бірі өткен сұлулардың арасынан нағыз аруды таңдап алу оңайға соққан жоқ. Байқау қорытындысына сәйкес Бас жүлдені шолаққорғандық Егемберді Ақжарқын, жүлделі 1-орынды құмкенттік Өтеген Балкерім, 2-орынды жартытөбелік Төлепберген Аружан, 3-орынды Сарыжаз елдімекенінен келген Есенбай Ғалия иеленсе ынталандыру сыйлықтарымен Әшірметова Рухсара мен Садуақасова Нұрсұлу марапатталды.