Наурыз мерекесі қоныс тойына ұласты

755

Таңертеңнен бастап шымқалалықтар Наурыз алаңына қарай бет алды. Бірі Ұлыстың ұлы күнін тойлау үшін, енді бірі тойда табыс табу үшін. Қадам сайын кәуап, қазан-қазан ас асылуда.

Ерекше епті шымкенттіктер тіпті мини-асхана ұйымдастырып жіберген. Ақшаңқан киіз үйлер де мерекенің көркін ашып тұр. Ұлттық нақышта безендіріліп, ұлттық тұрмыстық жабдықтармен толтырылған киіз үйдің әрқайсысында мерекелі берекелі дастарқан жаюлы. Ұлттық тағам түрлерінің сан алуан түрі бар. Мерекелік дастарқан дәмді мен тәтті самсап тұр.

Ұлыстың ұлы күнін Шымкентте тойлауға республиканың түкпір-түкпірінен және көрші елдерден қонақтар келіпті. Біздің түсіру тобы тілдескендердің дені Астана мен Алматы, Тараз бен Ақтаудан келген.

Мерекелік басты сахнада жергілікті өнерпаздармен бірге эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Ерболат Құдайбергенов Шымкентке арнаған ән шашуын ала келіпті. Мерекелік концертті Кәмшат Жолдыбаева жүргізді.

Облыс әкімі Ж.Қ.Түймебаев оңтүстікқазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, мерекелік құттықтауында тарихтан сыр шертер тағылымды әңгіме айтты. Қазығұрт сынды, Оңтүстіктегі кез келген жер су атауының этимологиясының ерекше екендігіне тоқталды. Сондай ақ, мерекеде Оңтүстік қана емес, бүкіл елдің жан жақты дамуына қомақты үлес қосқан бірталай азаматтар «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталды. Арасында сот саласының, әлеуметтік, білім, экономика саласының майталмандары мен қатар журналистер де бар.

Әз Наурыз мерекесінде біршама оңтүстікқазақстандықтар жаңа пәтер кілтіне ие болды.  Наурыз думан тойы жерлестеріміз үшін қоныс тойына ұласты.